×

«Орыстар бүгін түнде Мәскеуден келеді»: Шекарадан арнайы репортаж

Ақтөбе облысы аумағындағы Жайсаң шекара бекетінде соңғы екі күнде қарбалас

 Халық үні 23.09.2022 | 21:50
фото: rus.azattyq

Ақтөбе облысында Ресейден келушілердің көптігінен шекара маңындағы такси мен жол көрсетушілердің қызметіне сұраныс артты. Бұрын Жайсаң бекетінен облыс орталығына 3-4 мың теңгеге қатынайтын көлік құны үш есеге қымбаттаған.

Қазір жүз шақырымдық екі ортаға адам басына, кем дегенде 7-8 мың теңге алады. Ал ішінара мобилизациядан қашқандарды елге жеткізіп орналасуына көмектесетін делдалдар да пайдаға қарық болып жатыр. Шекара шебіндегі жағдайды КТК тілшісі көріп қайтты.

Ақтөбе облысы аумағындағы Жайсаң шекара бекетінде соңғы екі күнде қарбалас. Мұнда Қазақстаннан шыққан адамнан гөрі, көрші елден келушілер көп. Әсіресе Орынбор облысы, Қазан мен Уфа қалаларынан көптеп келіп жатыр. Бұрын Жайсаң бекетінің алды жым-жырт болатын. Шекараны жаяу кесіп өтетін адам болмағандықтан, мұнда такси жоламайтын. Қазір керісінше. Себебі, ресейліктер күн-түн демей жаяулатып жетіп жатыр. Такси жүргізушілері бекеттен Ақтөбеге дейін жүз шақырым жерге адам басына мың рубль немесе 7 мың теңге алады. Шекара маңындағы жалғыз дүкеннің де есігі тәулік бойына жабылмады. Мұндағы дүкенші елге шұбырып осыншама адамның келгенін бұрын көрмедім деп аң таң.

Әсима Оразова, дүкенші: - Қазір орыстар көбінесе Башқұртстан, Татарстаннан келіп жатыр. Бүгін түнде Мәскеуден келеді деп жатыр. Осында екіде Мәскеуден, көбінесе жас балалар. Бірақ отбасымен, балаларымен. Солар көбінесе. Ақшалары бар. Тамақтары да бар. Бізден су, темекі алып жатыр.

Жайсаң бекетінен Қазақстанға бір тәулікте бес мыңдай адам өткен. Елге келіп жатқандардың дені 18-45 жас аралығындағы ер-азаматтар. Барлығы сөзге сараң. Камера көрсе, бет-жүзін жасыруға тырысады. Көрші мемлекетте қалған жақындарының және өздерінің қауіпсіздігін ойлайтынын айтады.

Шекараның Ресей тарапында Қазақстанға өтуге кезекте тұрғандар көп дейді. Тексеруден 9-10 сағат дегенде әзер өтіпті.

- Көп. Көп. –

Қанша сағат тұрдыңыздар?

- Шамамен тоғыз сағат.

- Қайда бағыт алдыңыздар?

- Транзитпен.

- Қайда? Қазақстанға емес пе?

- Жоқ. - Транзитпен? Өзбекстанға ма?

- Құпия. 

- Ары қарай ...әзірше ... –

Ақтөбеге ме?

Қай қалаға?

- Әзірге Ақтөбеге.

- Ол жерде біреулеріңіз бар ма?

- Мм, танысым, достарым ...

- Қанша уақыт боласыздар?

- Екі аптадай.

Шекара бекетінен ресейліктер он шақты адам болып топталып өтіп жатыр. Әр топтың жанында бір қазақ жол бастаушысы бар. Сөйтсек, ол жол көрсетуге жалданған делдал екен. Ертемен көрші елге өтіп, ол жақтан ішінара мобилизациядан қашқандарды жинайды. Шекарадан өткен соң, тиісті жеріне жеткізіп, пәтер жалдауға да көмектеседі. Осы қызметіне делдалдар ақшасын алады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама