×

Бизнес vs демократия: «Ақ жол» партиясы сайлауалды уәдесінде тұра алды ма?

Екі жылда барлығы 186 депутаттық сауал жолдаған

 Ая Өміртай 26.01.2023 | 09:30
Коллаж: Halyq Uni

Биыл 19 қаңтарда мерзімінен бұрын таратылған Мәжіліс сайлауы 2021 жылдың 11 қаңтарында өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Парламентке Amanat (72 орын), «Ақ жол» (12 орын) және Қазақстанның Халық партиясы (10 орын) өткен болатын.

Аталған партиялар сайлауалды уәделерін Парламентке келгеннен кейін қаншалықты орындады?! Halyq Uni аталған партиялардың 2021 жылғы сайлауалды бағдарламасы мен жетінші шақырылымда атқарған жұмысына шолу дайындады.

2020 жылдың 19 қарашасында «Ақ жол» партиясының кезектен тыс ХVІ құрылтайында бекітілген саяси бағдарламасы алты негізгі бағыттан тұрады. Атап айтқанда:

  • Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясын нығайтуға; 
  • Демократия және парламентаризмді дамытуға; 
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және деофшоризацияға; 
  • Әлеуметтік әділдік орнатып, Қазақстанда кедейлікті жоюға; 
  • Нарықтық экономика қалыптастырып, кәсіпкерлікті қолдауға; 
  • Салиқалы сыртқы саясат жүргізуге уәде берген еді. 

Сайлаудан кейін Парламенттен 11 орын алып, парламенттік оппозицияға айналған «Ақ жол» фракциясы жоғарыда аталған бағдарламада көрсетілген негізгі бағыттар бойынша 2021-2022 жылдары Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға барлығы 186 депутаттық сауал жолдаған. Яғни, 2 жыл ішінде фракция депутаттары Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға орта есеппен аптасына 2 немесе 3 сауалдан жолдап отырған.

Соның ішінде Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясын нығайтуға қатысты 20 сауал; Демократия және парламентаризмді дамыту бойынша 12 сауал; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және деофшоризацияға қарсы 10 сауал; Әлеуметтік әділеттілік бойынша 23 сауал; Нарықтық экономика және кәсіпкерлік бойынша 121 депутаттық сауал жолданған. Ал сыртқы саясат мәселесін ақжолдықтар екі жылда мүлде көтермеген

Сонымен қатар өзін Алашорда зияткерлік мұрасын жалғастырушы ретінде көрсететін партияның мүшесі және Парламент депутаты Азамат Әбілдаев баспасөзге берген сұхбатында Ресей басқыншылығы мен Путинді қолдайтынын мәлімдеді. Артынша партияның кезектен тыс саяси кеңесінде Әбілдаев партия қатарынан шығарылды. Сарапшылар депутаттың оғаш пікірі билік тапсырмасымен айтылып отырғанын, ал партия келесі сайлауда өтпей қалуы мүмкін екенін айтқан.  

«КӘСІПКЕРЛЕР ПАРТИЯСЫ»

Өзін либералды экономикалық саясат пен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы ретінде танытатын «Ақ жол» саяси бағдарламасындағы аталған бағыт бойынша белсенді жұмыс істегенін көруге болады. «Нарықтық экономика және кәсіпкерлік» бағыты бойынша жолданған 121 депутаттық сауал соның айғағы.

Ал «Демократия мен парламентаризмді дамыту» бағытының негізгі тармағы «Әділ сайлау» бойынша екі жылда бір ғана депутаттық сауал көтерілген. 2023 жылы 1 қаңтарда Қазыбек Иса алдағы сайлаудың заңнамаға сәйкес адал және ашық өтуі тиістігін атап, ОСК сайтына және сайлау учаскелеріне бейнемониторинг орнату қажеттігін ұсынған.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ

Сондай-ақ партия бағдарламасында сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында журналистерді қудалауға болмайтындығы және «журналистің мақаласы үшін жала жабу туралы қылмыстық іс қозғауды алып тастап, оны азаматтық құқықтық қатынастар саласына көшіру» керектігі негізгі тармақтардың бірі. Алайда көтерілген депутаттық сауалдар арасында қудаланған, қамалған журналистер құқығы мәселесі қаралмаған.

Партия сайтында бағдарламаның алтыншы бағыты бойынша бірде-бір бірлестік, оның ішінде Еуразиялық одағын қоса алғанда, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төндірмеу тиістігі көрсетілген. Сонымен бірге мемлекеттің саяси дербестігін шектейтін өзге де «осындай идеяларға» қарсы екендігі айтылған. Алайда саяси бағдарламаның «Салиқалы сыртқы саясат» аталатын алтыншы бөлігі бойынша мемлекеттік сыртқы саясатына қатысты қандай да бір сауал, болмаса ұсыныс көтерілмеген.

ҚАҢТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҮШ САУАЛ

Әрине, биыл көп талқыланған тақырыптың бірі – қаңтар қырғыны. 2022 жылы ақжолдықтар қаңтар оқиғасына қатысты 3 депутаттық сауал көтерген. Сонымен бірге қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заң авторларының қатарында «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дүйсембинов қатысқан.

500-ДЕН АСТАМ ТҮЗЕТУ

Партия «үзеңгілестері» Д.Еспаева, Қ.Иса, С.Ерубаев, М.Раманқұлов, Г.Хамзин, А.Жұмабаева және басқа да фракция мүшелері түрлі заң жобаларына мыңға жуық түзетулер жолдап, оның 500-ден астамы қабылданған.

Сол сияқты фракция жетекшісі Перуашев ұсынған 200-ден астам түзетулер іске асқан.

ПАРТИЯНЫҢ ЖЕҢІСІ

Депутаттық сауалдар мен заң жобаларын дайындаудан бөлек партия жұмысының нақты нәтижеге қол жеткізгенін де айта кету керек. Мәселен, 2021 жылдың 20 желтоқсанында «Ақ жол» фракциясы тауарды міндетті цифрлық таңбалау мәселесін көтерді. Депутаттардың пікірінше, міндетті таңбалауды енгізу тауарлар мен азық-түлік құнының өсуіне әкеліп соғады. Мәселен, Қаржы министрлігі сүт өнімдері мен басқа да тауарлардың кейбір түрлеріне таңбалауды енгізуден мүлдем бас тартты.

Одан бөлек, рейдерлік жолмен жеке теміржол трассаларын тартып алып, вагондарды өткізу үшін миллиондаған доллар төлеуге мәжбүр еткен монополист компанияға шара қолдану бойынша партия 2017 жылдан бері 6 депутаттық сауал жолдаған. 2022 жылы Тоқаев экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрғаннан кейін заңсыз басып алынған теміржол рельстері кәсіпкерлерге қайтарыла бастады.

Сонымен қатар, VII шақырылымда Amanat партиясының билік партиясы ретінде берген уәделерінің қаншасы орындалғанын анықтаған едік. 

Ал Қазақстан Халық партиясының 10 депутатының сауалдарынан популистік сарындағы пікірлердің жиі байқалғанын жазған болатынбыз. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама