×

«Досың әйеліне қол көтерсе, онымен араласпай қою керек» - психолог

Сарапшы отбасы мүшелеріне қол көтерген адамға қоғам да қарсы болуы керегін айтты

 Ернар Сейтахмет 23.06.2022 | 09:59

«Өзгеше» подкастында отбасындағы тұрмыстық жанжал, әйелге, отбасы мүшелеріне қол көтеру жағдайы сөз болды. Психолог Ержан Мырзабаев пен белгілі кәсіпкер Арай Әлімхан тұрмыстағы зорлық-зомбылық әрекеттерін алдын алу жолдарын, жанұядағы өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнату мен агрессор еркектерді орнына қою мәселесін сөз етті.

«Мен ылғи айтамын, отбасыда қол көтеру бір-ақ рет болуы мүмкін. Еркек өзін абайсызда ұстай алмай қалса, байқамай қалса. Екінші рет қайталанбауы керек. Және екінші рет қол көтермес үшін ер адамды әбден өкіндіру керек. Айқай-шу шығарып, туыстарын шақырып, тәрбиеге салу керек. Ер адам тағы да ұрып-тепкілесе бәлеге қалатынын түсінуі керек. Өйткені, агрессор жақсы сөз бен жылы қарым-қатынасты түсінбейді. Тек нақты төтеп бергенде ғана ұғынады, тосқауыл болса ғана агрессор тоқтайды», - дейді психолог.

Психологтың айтуынша бір рет қол көтеріп, артынан қарсылық көрмеген адам бұл әрекетті тағы да қайталайды екен.

«Әрбір әрекет әдет қалыптастырады, ал әдет мінез қалыптастырады. Яғни, зорлықтың барлығы бір әрекеттен басталған. Ұру арқылы проблеманы шешкен адам, жауапқа тартылмаған соң, мәселенің шешімі ретінде қарастырады. Сосын екінші рет, үшінші рет ұрады», - дейді психолог.

Ержан Мырзабаев әр азамат өзінің бойында агрессияға бейімдігін байқаса, психологтарға жүгінуге кеңес берді.

«Адам өзін мектепте агрессив болды ма, университетте, жұмыста, ашушаң ба, эмоциясын тежей ала ма, адамдармен тіл табыса ала ма, сабырлық көрсете ала ма – бойындағы агрессияға бейімділігі бар-жоғын байқай алады. Егер байқасаңыз, психологқа жүгіну. Психологтармен жұмыс істеп, комплекстерден арылу керек», - дейді маман.

Психолог отбасы мүшелеріне қол көтерген адамға қоғам да қарсы болуы керегін айтты.

«Әйеліне қол көтерген досым бар болса, мен онымен араласпауым керек. Әйеліне қол көтеретін мейрамхана иесі болса, мен ол мейрамханаға бармауым керек. Көршім әйеліне қол көтерсе, онымен араласпайтынымды айтуым керек. Біз мұны үйдегі, тұрмыстағы проблема емес, қоғамның мәселесі екеніне көрсетуіміз керек», - дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама