Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Қазақстаннан өтемақы талап етпек. Бұл туралы Қырғызстандағы Азаттық қызметі хабарлады.
Музыканттың адвокаты Бақыт Автандилдің айтуынша, әзірге Рузахновты азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс – сараптама қорытындысы келгенге дейін тоқтатылды. Адвокат азаптауды жасағандар анықталып жатқанын, материалдық және моральдық шығын талап ететінін айтты.
Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты құқық қорғау органдары ұстап, ұрып-соққан болатын. Екі күннен кейін Қырғызстан билігі мен жұртшылығының араласуынан кейін ол босатылып, Бішкекке жеткізілді. Кейін ауруханада ота жасалды. Викрам Рузахунов өзін қазақстандық тәртіп сақшылары азаптағанын мәлімдеді. Музыканттың қабырғасы сынған, миы шайқалған.
Қазақстанда «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ағымдағы жылдың мамырында Алматы қаласына тергеу шараларына қатысуға бармағандықтан іс уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Тергеу қыркүйек айында басталды. Музыкант өзін соққыға жыққан 10-нан астам полиция қызметкері танып, көрсетті.
Рузахуновты ұрып-соғу фактісі бойынша Қырғыз полициясы да қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындады, нәтижесінде музыканттың денсаулығына ауыр зиян келтірілгені анықталды.