«МузАрт» тобының солисі «Хабар» арнасындағы «Jup-Jubymen» жобасында Алаш зиялысының аты-жөнін білмей ұяты шықты.
Әдетте қара домбыраны насихаттап, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүретін әнші Мейрамбек Бесбаев әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың шоуында ыңғайсыз жағдайға тап болды.
Аталмыш бағдарламаның шартына сай, жұлдызды жұптар бір минуттың ішінде ғылым, әдебиет, мәдениет, спорт саласының саңлақтарын, елімізге белгілі адамдар мен әлемдік деңгейде танылған тұлғалардың аты-жөнін лэд-экранда көрсетілген бейнесінен жаңылмай табу керек.
Сайыс алаңына келіншегімен шыққан Мейрамбек Бесбаев аңыз адамдардың арасынан аса көрнекші ағартушысы, ақын, жазушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлын танымай әбден әуре-сарсаңға түсті.
Абай атамыздың ұлы… Жо-жоқ, келесі…
деп сасқалақтады әнші.
Дәл осы тележобада танымал тұлғаларды танымай масқара болған әртістердің легі Мейрамбек Бесбаевпен шектелмейді. Бағдарлама барысында Жанболат пен Жазира әйгілі актер әрі режиссер Нұрмұхан Жантөриннің суретін көріп, оны Шерхан Мұртаза деп сенімді түрде айтты. Ал «Әзіл әлемі» театрының актері Қанат Әлжаппаров жұбайы екеуі Халық жазушысы, драматург Ғабит Мүсіреповтің бейнесіне қарап, оны атақты жазушы әрі қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафинмен шатастырды.