Журналист Кәмшат Тасболат Астанадағы ресейліктерге арналған ХҚКО-ны бір күнде «Жастар» сарайына көшіріп жібергеніне таңданады. Сондай жағдайды өз азаматтарымызға, әсіресе шетелден көшіп келген қандастарымызға неге жасамайды екен деп қынжылады.
Кәмшат Тасболат біздің билік шетелдіктерге ғана емес, тура сондай жағдайды өз азаматтарына, әсіресе шетелден көшкен қандастарымызға жасағанда ешқандай реніш болмайтынын айтады.
Мобилизациядан қашқан ресейліктерге қолайлы болу үшін Сауранның бойындағы ХҚКО бір түнде Жастар сарайына көшіп кетіпті. Міне, қызық! Әрине, біздің билік шетелдіктерге ғана емес, тура сондай жағдайды өз азаматтарына, әсіресе шетелден көшкен қандастарымызға жасағанда ешқандай реніш болмас еді. Болмаса пандемия кезінде дистанция сақталсын деп неге көшпеді екен? Саурандағы ЦОН-да талай табалдырық тоздырғанбыз, бала-шағамен сағаттап күтіп тұрғанбыз,
деп жазды журналист Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, қандастарымыз кейбір Халыққа қызмет көрсету орталығында, банктерде мемлекеттік тілде ақпарат ала алмай, әбден қиналған.
Бір оқиға есіме түсіп тұр. Кезінде Алматыда ірі банктердің бірінде кезекте тұрғанмын, Ауғанстаннан көшіп келген қандасымыз менеджер қызға: «Ақшаны шұғыл шешуім керек, әйеліме күрделі операция жасаймыз деп жатыр», — деп қиналып тұр екен. «Мужчина, я вас не понимаю, вы не сможете снять деньги», — деп қазақ қызы сазарып отыр. «Все, следующий!» — деп қояды. Содан қандасымыздың жанына бардым да, анау қызға неге бұл азаматтың құқын бұзып тұрғанын, неге мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмей жатқанын сұрадым. «Вам то какое дело?» — дейді. Мен өзімнің журналист әрі құқықтанушы екенімді ескерттім де, басшысын шақыруын талап еттім. Төтені дір ете қалды. Сазарып бір әйел келді де: «Сіз мына кісіге кім боласыз? Адвокатысыз ба?»- дейді. Заңгерлік дипломым бар екенін, қажет болса адвокаты бола алатынымды айттым,
дейді Кәмшат Тасболат.
Ол бұл жағдайда қандасымыздың үш түрлі құқығы бұзылып тұрғанын ескерткен. Біріншіден, қандасымыздың мемлекеттік тілде ақпарат алуға қатысты конституциялық құқы бұзылып тұр. Екіншіден, тұтынушы құқы бұзылды, үшіншіден, менеджердің кәсіби біліктілігінің төмен екені мен этикадан жұрдай екені. Қазақ тілін білмесе, Қазақстанның банкінде жұмыс істемеуі керек.
Сөйтсек, ақшаны шешуге болады екен, тек өтініш жазу керек. Ауғанстаннан келген қандасымыз «мен төте жазумен жазам ғой» деді. Өтінішті өзім толтырып беріп, ағамыз қолын қоятын болды. Сөйтіп, ағамыз маған басын иіп, рақметін жаудырды. Артыма қарасам, бәрі тынышталып қалыпты, әрине, біреуге ұлтшыл сияқты көрінген шығармын, бірақ маған әділдік пен тіл майданындағы бір жеңіс әлдеқайда маңызды,
деп жазды журналист.
Оның айтуынша, енді үкімет шетелдегі қандастарға азаматтықты жылдам беруді ойлауы керек.
Қазақстан шетелдіктер, яғни, ресейліктер үшін тұруға қолайлы ел емес, ең алдымен, қазақтар мен қазақстандықтар үшін қолайлы ел болуға тиіс!
деп жазды ол.
Кәмшат Тасболаттың айтуынша бұл үшін мемлекеттік тілді дамыту керек. Қазір елімізде, әсіресе Астанада қазақ тілі ақсап тұр.
Жаңа ғана кіші қызымды Балаларды ерте дамыту орталығынан алып кетуге барсам, бір апа мұңын шағып отыр: «Астанада қазақша дамыту орталықтары аз, алыс болса да, қазақша тілі шықсын деп осында әкелеміз, амал жоқ. Баяғыда қызымды да қазақша оқысын деп, алыста болса да, қазақ мектебіне берген едім… Намыс қой. Кезінде орекеңдер «не разговаривай на своем калбитском» деп автобустан екі рет шығарып жіберген. Тіл бізден басқа кімге керек?» — дейді. Қазақстанда орысша мектеп, балабақша, дамыту орталықтарын ашу тиімсіз болуы керек! Ертең мына «қонақтар» мектеп, балабақша сұрамасын әлі..,
деп журналист алаңдаушылық білдірді.
Журналист ХҚКО-ны ресейліктер үшін бір түнде үлкен сарайға көшірген билікті қазақтың намысы бір күні дүр сілкіндірмесін деп тілеу керек екенін айтты.
Досым Сәтбаев (саясаттанушы — ред.) айтпақшы, ресейліктердің келуі, тұрақтауы әлеуметтік, саяси, экономикалық, ұлтаралық жағдайды ушықтыруы мүмкін. Жалпы, соншама еркектің бір елге ағылуы дұрыс емес, бұл қылмыстық жағдайды қиындатпай ма? Тіл ахуалы не болады? Кризис менеджерлер бар ма елде, әлде бәрі сайлауға жұмылған ба?
деп қорытындылады Кәмшат Тасболат.
Айта кетейік, 28 қыркүйекте Астанадағы Ресейліктерге қымзет көрсететін Халыққа қызмет көрсету орталығы бір күнде «Жастар» сарайын көшірілген еді. Оның себебін орталық жетекшілері «Ресей азаматтары сыртта тоңып қалмас үшін ауыстырдық» деп түсіндірді. Оларға ыстық шай мен қант беретін үстелдер қойылған.