Қазақстан ресейлік әртістер үшін майшелпек мекен екені жасырын емес. Әсіресе соғыс басталғалы бері ресейліктерді көргісі келетін елдер саны азайғанда Қазақстан өнерпаздар үшін жұбаныш болып отыр. Алайда соңғы кездері ресейлік әртістер даулы жағдайларға жиі түсіп, елді шулатып кетіп жүр.
Соңғы бірнеше күнде Қазнет Инстасамка есімімен белгілі блогердің күйеуі Алматыдағы концертте көрерменді боқтағанын талқылап жатыр.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда әншінің Moneyken есімімен танымал күйеуі әрі продюсері Олег Еропкин көрерменмен дөрекі сөйлесіп жатқанын көрсетілген. Ол боқтық сөздермен көрерменді залдан шығарып жіберуді талап етеді.
Бұған дейін танымал әнші Филипп Киркоров та жұрттың талқысына түскен болатын. Ол бірде Алматыдағы сахнаға колготкиімен шығып, екіншісінде күзетшіні гүл шоғымен ұрған.
Әртістің өзі бұл қылығын командасының «пранкі» деп түсіндірді. Командасы өнер көрсетудің алдында одан шортысын жасырып қойған. Ал әншінің директоры Екатерина Успенская Киркоров Алматыда күзетшіні гүл шоғымен сабаған себебі — ол әншінің жанкүйерін саханаға өткізбей қойғаны үшін жазалаған деп түсіндірді.
Рэпер Моргенштерн Алматыдағы концертінде өзін әдеттегідей ұстады: боқтық сөздер айтты, гитараны сындырды және еденде жатты. Алайда көрермендер әртістің перфомансын рахаттана тамашалады. Көбі рэперді жібергісі келмей, тағы да ән салуын өтінді.
Ал блогер Даня Милохинге қазақстандық әртістердің бейнебаяндары туралы абайсызда айтқан сөзі үшін кешірім сұрауға тура келді. Айта кету керек, Даня Милохин Ресей Украинаға арнайы операция бастағаннан кейін Қазақстанға көшіп келіп біраз уақыт осында тұрған.
Милохинді қазақстандық шоуға қатысып, серіктесі екеуі отандық әншілердің бейнебаяндарын бағалауы керек болған. Бір мезетте тиктокер «оларда бейнебаянға ақша бардай» деп айтып қалады. Көрермендер блогерді жерден алып, жерге салды. Нәтижесінде ол кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Былтыр ресейлік әнші Дима Биланның Қазақстандағы тойлардың бірінде мас күйінде өнер көрсеткенін Қазақстанда ғана емес, Ресейде де талқылады. Тойдан түсірілген видеоны блогер Біржан Әшім жариялаған болатын.
Кейін Билан тойда шынымен мас болғанын мойындады, сондай-ақ ішімдікпен проблемасы барын айтып, жұрттан кешірім сұрады.