Елімізде 25 қазан — Республика күні қайтарылады. Парламент осындай түзетулер енгізді. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған заң бойынша, 25 қазан мемлекеттік мереке болып бекітілетінін айтты.
Осы заңға сәйкес 25 қазан мемлекеттік мереке — Республика күні болып бекітілді. Бұл — тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады,
деді Мәулен Әшімбаев Парламент сенатының жалпы отырысында.
Заң жобасы үкіметтің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспарына сай әзірленген.
Оған қоса, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға Тәуелсіздік күнін – 16 желтоқсанды мемлекеттік мереке ретінде белгілейтін өзгертулер енгізу ұсынылды. Ал 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тасталады.
Құжат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.
Айтай кетейік, 16 маусымда президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында мәлімдеді.
Еске салайық, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.