Танымал стендапер Нұрлан Сабуров қазіргі уақытта Қазақстан қалаларында концерт беруде. Ол Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасында қонақ болып, шетелдіктердің қазақтарға деген көзқарасы туралы әңгімеледі.
Бағдарлама барысында шетелдегі қазақстандықтардың (Димаш Құдайберген, Иманбек, Головкин және Скриптонит) танымалдылығы туралы сөз қозғалды. Нұрлан Қоянбаев әзілкештен: «Қазақтардың уақыты келді деп айта аламыз ба» деп сұрақ қойды.
Менің ойымша, ТМД көлемінде қазақтардың имиджі өте жоғары. Көбі «Қазақ болып туғым келеді», «Бір нәрсені үздік жасап шығатын әйтеуір бір қазақ табылады» деп жатады. Әрине, әзілмен айтылатыны түсінікті. Бірақ мұның өзі Қазақстанды білмейтін адамдарға ерекше әсер етеді,
деді Нұрлан Сабуров.
Оның айтуынша, бұл қазақтар жайлы жағымды пікірдің бастамасы. Болашақта спорт саласы мен өнерде, мәдениет, пен музыкада да жалғасын табады.
Бір қызығы, Қоянбаев өз сұрағын қазақ тілінде қойды, ал Сабуров орыс тілінде жауап берді. Әзілкеш болашақта қазақ тілінде өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын мойындады, ол үшін сөздік қорын біршама байыту қажет дейді.