Әнші Төреғали Төреәлі өзінен зәбір көрген жігітпен татуласты. Бұл туралы әнші өзінің Instagram-парақшасында хабарлады.
«Адамзаттың тарихы тыйым еткен жемісті жеймін деп қателесіп, артынша бірден тәубесіне келген Адам атаның тарихынан басталмай ма? Біз де сол ашуланса да, шаттанса да, соңы немен бітерін болжай алмайтын, пайда, зиянды өлшей алмай қалатын пенденің біріміз. Сахнадан көрген адамын періштедей пәк санайтын қазақ халқының таза пейілі ғой», — деп бастады жазбасын Төреәлі.
Айтуынша, халықтың көз алдында болғандықтан әр әрекетін жұртшылық жаппай талқылайды. Әйтпесе, шекіспейтін, эмоцияға берілмейтін, төбелеспейтін ер азамат жоқ.
Әнші орыстардың келуі салдарынан пәтерінен айырылған қазақтарды сөз қылудың орнына Төреғали туралы жазып, рейтингтерін көтеріп қалуға тырысқан журналистерге де назын білдірді.
Адамның күнәсін айта бермеңдер. Күнәсін көргенмен тәубесін көрген жоқсыңдар” демекші, сіз бен біз сөз етіп жүрген біреудің айыбы Алланың алдында әлдеқашан кешіріліп кетуі мүмкін,
дейді әнші.
Бұдан кейін Ұлы дала баласы Бекарыспен татуласқанын жазды. Айтуынша, барлығы заң жүзініде орын алған. Осы қиын-қыстау уақытта сүйеу болған, түңілгенде тіреу болған алаш жұртына алғысын білдірді.
Әнші Бекарысты бүгінгі туған күнімен құттықтап, өлең жолдарын арнады.
«Қызық болғанда, бүгін Бекарыс бауырымыздың дүниеге келген күні екен.
Ғұмырың ұзақ, өмірің берекелі болсын інім!
Бір басың екеу болып, адал жар некең болып,
Келінді анаң көріп, тойыңды әкең көріп.
Әке болып ақ әжеңе шөбере әкел беріп.
Сол тойда мен жүрейін бұйырса көкең болып!», — деп жазды Төреғали Төреәлі.
Оқиғаның қалай өрбігені туралы біздің мақаламыздан оқи аласыз.