Қырғызстанда депутаттар Конституцияға балалардың жеке басына қарсы қылмыстар үшін өлім жазасын енгізуді көздейтін түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Жогорку Кенеш депутаттарының мәлімдеуінше, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін өлім жазасын енгізу қажет. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бастаманы 61 депутат көтерді.
Олардың мұндай шешімге келуіне Қырғызстанда кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету жағдайының көбеюі себеп болған.
Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі 2022 жылғы 8 айдың статистикасын жариялады. Оған сәйкес, кәмелетке толмағандарды зорлаудың 35 фактісі, балалар мен жасөспірімдерге қатысты сексуал сипаттағы зорлық-зомбылықтың 25 фактісі, 14 жастағы баланы өлтірудің 1 эпизоды тіркелген.
2007 жылы Қырғызстанда өлім жазасы алынып тасталды.