Қытай билігі коронавирус шектеулерін бәсеңдеткеннен кейін яғни, желтоқсан басынан бері елде 60 мыңға жуық адам коронавирустан қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters жазды.
2022 жылдың 8-желтоқсанынан 2023 жылдың 12 қаңтары аралығында елдегі медициналық мекемелерде COVID-19 індетінен 59 938 адамның көз жұмғаны анықталды.
Оның ішінде 5,5 мыңға жуығы коронавирус себеп болған тыныс алу жолдары ауруынан, ал 54 мың адамның өліміне COVID-19-дан басқа да ауруларының қозуы себеп болған. Көз жұмғандардың орташа жасы 80 жасты құрайды.
Бұған дейін Қытай билігі індет басталғалы бері елде шамамен 5 мың адам өлгенін, ал 2022 жылы желтоқсанда он мыңға жуық өлім тіркелгенін мәлімдеген. Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Пекинді адам өлімін жасырып отыр деп айыптады.
Қытай билігі былтыр жыл соңында жаппай наразылықтан кейін коронавирус шектеулерін жұмсарта бастаған. Осыдан соң елде коронавирус жұқтырғандар күрт артты. Эпидемиологтардың пікірінше, Қытай билігі қатаң шектеулер қойып, науқастарды қоғамнан қатты алшақтатқаннан кейін тұрғындарда коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасып үлгермеген.