Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін Энергетика министрлігіне қаражат бөлуді бұйыратын құжатқа қол қойды.
Бұл ақпаратты мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратты.
Бұйрықта Әзербайжанның гуманизм қағидаттарына сүйене отырып, көптеген елдерге екіжақты және көпжақты негізде гуманитарлық көмек көрсететіні айтылады.
Соңғы жағдайларға байланысты Әзербайжан мемлекеті украин халқына бұған дейін де бірнеше рет гуманитарлық көмек көрсеткен.
Бұйрыққа сәйкес, Украинаға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Әзербайжан президентінің 2023 жылға арналған резервтік қорынан Энергетика министрлігіне электр жабдықтарын сатып алу және жөнелту үшін 7,6 млн доллар (манат баламасымен) бөлінеді.
Қаржы министрлігіне осы бұйрықта көрсетілген көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету, үкіметке осы бұйрықтан туындайтын мәселелерді шешу тапсырылды.