Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабында өз бағдарламасын таныстырды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан жаңа мемлекеттік саясатқа көшеді. Өйткені елімізде қордаланып қалған мәселе көп. Соның салдарынан азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімі азайған.
«Бүгінде сыртқы және ішкі сын-қатерлер күшейген күрделі уақытта да мақсат-мұраттарымызға қол жеткізу біздің қолымыздан келетініне мен кәміл сенемін. Алдымызда әлі талай сынақтар болуы мүмкін.
Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Шындығын айтқанда, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі мәселе қордаланып, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі арта түсті. Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейді, ұлттың жасампаздық мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан мемлекеттік саясатымызда әділеттілік идеясы ең маңызды болуы тиіс»,
деді Тоқаев.
Президент бағдарламаның әр тармағын өзі жазғанын да айтты.
«Біздің бүкіл ұлттық идеологиямыз әділет идеясымен сіңетін болады. Біз қабылдаған әрбір шешімнің, әрбір әрекетіміздің негізінде әділдік идеясы болады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестік артықшылығымыз – адамдар. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуланы берік ұстанатын боламыз. Әділ Қазақстанды құру үшін біз өзара байланысты үш қағидаға негізделген жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз», – деді ҚР Президенті.