Қазақ-қырғыз шекарасында туристік автобустар арнайы жолдан өтеді

ҚР Шекара қызметі "Қордай" өткізу пункті арқылы Ыстықкөлге баратын туристік автобустардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге ниетті, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі "Атамекен" ҰКП ресми сайтына сілтеме жасап.

2022 жылғы 21 маусымда "Атамекен" ҚР ҰКП туроператорлар мен қауымдастықтар өкілдерінің "Қордай" өткізу пунктіне баруын ұйымдастырды. Кездесу барысында ұйымдасқан туристік топтарды жедел өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Туроператорлар шекара қызметіне автобус (нөмірі мен маркасы), туристер саны және шекараға келу уақыты туралы ақпаратты алдын ала жіберетін болады. Осыдан кейін туристер мінген қоғамдық көлік арнайы жолақ арқылы өтеді.

"Әзірге үлкен туристік автобустар бойынша ғана келісім бар. ҰКП қауымдастықтармен бірге жолаушылар микроавтобустарын тез өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл микроавтобустар үлкен автобустарда орын қалмағанда жұмылдырылады", – деді "Атамекен" ҰКП Туризм департаменті директорының орынбасары Елена Михнова. 

Кездесуде санитариялық тораптарға қызмет көрсету үшін техперсоналды іздеу, автобустан шығармай багажды тексеру мүмкіндігі және өткелде кезекші жедел жәрдемді ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, қырғыз шекара қызметімен туристік автобустардың Қазақстанға кіруі үшін жеке жолақ ұйымдастыру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

"Атамекен" ҰКП осындай кездесуді Ресей Федерациясымен шекарада ұйымдастыруға ниетті.

"Біз Ресей шекарасындағы шекарашылармен ресейлік туристердің біздің курорттарға жедел кіруі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көптеген отандық туроператор РФ туристерімен жұмыс істейтіндіктен, Қазақстанға жазғы демалысқа балалар топтары да келеді", – деді Елена Михнова.


Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!