Ақтөбе әкімінің экс-орынбасары қала аппаратының басшысы қызметіндегі алаяқтығы үшін үш жылға сотталды

   Ақтөбе.26 қазан.ҚазТАГ- Ақтөбе қаласы әкімінің экс-орынбасары қала аппаратының басшысы қызметіндегі алаяқтығы үшін үш жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазТАГ.
  «Сот шешімімен А. Көбенов кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,- деді Ақтөбе қаласы сотының баспасөз қызметі.
«Іс материалына сүйенсек, Көбенов Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы болған кезде өзінің қызмет бабын пайдаланып, 2020 жылдың сәуір-тамыз айларында бұрынғы танысына жер телімін алып беруді уәде еткен. Сөйтіп, танысынан 1 383 915 теңге ақша алған. Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Сонымен қатар, тағылған айып жәбірленушінің жауабы, «Kaspi Gold» банк картасындағы ақша аударымдары арқылы расталды»,- деді облыстық сотта.
   Прокурор лауазымды мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
   Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.


adimage