Ақтөбеде Ұлыбританияда ең алғаш салынған техникалық ЖОО филиалы ашылады

Ақтөбе. 8 желтоқсан. ҚазТАГ – Ақтөбеде Ұлыбританияда ең алғаш салынған техникалық ЖОО филиалы ашылады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының базасында Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Хериот-Уатт Университетінің филиалы құрылсын», - делінген үкімет қаулысының жобасында.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласында білім беру қызметтерін көрсету және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысу филиалдар қызметінің негізгі нысаналары болып айқындалсын.
«Филиал білім беру қызметін Хериот–Уатт Университетінің білім беру бағдарламаларының негізінде жүзеге асырады. Филиал «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» пәндері міндетті түрде енгізілген пәндер тізбесін айқындайды. Филиалда білім беру процесі ағылшын тілінде жүргізіледі, үлесі 30 %-дан аспайтын Хериот–Уатт Университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен басқа да халықаралық қызметкерлер тартылады, күндізгі және қашықтан оқыту нысаны бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау және білім беру сапасын басқару тәртібі Хериот–Уатт Университетінің білім беру сапасынан төмен емес деңгейде білім беруді қамтамасыз ететін университеттің ішкі құжаттарымен реттеледі», - делінген құжатта.
Бұл ретте, филиалдарды лицензиялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
«Филиалдарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде алынған қаражат және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік филиалдардың бағдарламалары үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемін есептеудің жеке алгоритмін айқындау бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізсін. Филиалдарды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Жубанов Университетінің материалдық-техникалық базасы есебінен жүзеге асырылады», - делінген қаулы жобасында.
Құжатты әзірлеушілердің айтуынша, қаулыны іске асыру 2023, 2024 және 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттен қаржы қаражатын талап етеді.
«Шетелдік жоғары оқу орындарының кампустарын ашу жоғары оқу орындарының ғылыми және академиялық дамуын күшейтеді, озық ғылыми тәжірибені енгізуге, басқару жүйесін трансформациялауға және білім беру мазмұны мен оқу процесіне әлемдік білім беру стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жас таланттардың шетелге кетуін азайтуға және қазақстандық жоғары оқу орындарында жұмыс істеу үшін жетекші әлемдік ғалымдарды тартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді құжат авторлары.
Хериот-Уатт университеті – Эдинбургтегі мемлекеттік зерттеу университеті, Шотландия. ЖОО 1921 жылы ашылған және Ұлыбританиядағы алғашқы техникалық институт болып табылады.


adimage