Археологтар Ханқорғанда тарихи жаңалық ашты

Түркістан. 29 қыркүйек. ҚазТАГ- Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері Ханқорған қалашығында арнайы зерттеулер жүргізе келе маңызды жаңалық ашты, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Халық тарих толқынында» жобасы аясындағы бұл ізденістер Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы Мәдени ауылының маңайында жүргізілді. Белгілі тарихшы Бауыржан Байтанаев бастаған экспедиция көне заманға тән бірталай жәдігерлердің негізінде «Қазақстан жеріндегі ең көне монша Ханқорғанда болса керек» деген тұжырымға келіп отыр.
Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Археологтардың пайымдауынша, осы аумақта табылған монша Х ғасырда тұрғызылған. Ал көне қаланың негізі сонау VI–VIII ғасырларда қаланған. Ежелгі Ханқорғанда кезінде су жүйесі, кәріз жүйесі іске қосылғаны да дәлелденді. Қабырғалары 90 сантиметр болатын ежелгі монша өзінің құрылымы бойынша қазіргі қалалық моншаға ұқсайды. Қазба жұмыстары барысында қараханид дәуірінің мыс тиындары, керамикалық бұйымдар, металл ерітетін ошақ, сонымен қатар әртүрлі сабын ерітінділері, эфир майлары және жұпар иістер сақталатын көптеген қыш ыдыстары секілді құнды жәдігерлер табылды. Керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, сужинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың табылуы демалуға арналған бөлменің болғанын да дәлелдейді.
Археологиялық ғылым тұрғысынан алғанда Ханқорғанда табылған жәдігерлер – елеулі жаңалық болып есептеледі. Зерттеушілердің пікірінше, ежелгі монша кемі 1-1,5 ғасырдай қызмет атқарған. Тарихшы ғалымдар көне құрылыстар табылған жерде бір заманда белгісіз ірі қала болған деп топшылап отыр. Себебі, ерекше үлгідегі моншалардың болуы қаланың үлкен мәртебесін білдіреді
Ханқорған – қазақ тарихында өзіндік орны бар мекен. Оны Ордабасы тауы, дала парламенті – Мәртөбе биігі, Күлтөбе сынды қасиетті орындардың қатарына жатқызуға әбден болады. Ханқорған қалашығының орнын археологтар алғаш рет 1979 жылы анықтаған екен. Қалашықтың ең үстіңгі қабатынан Абылай ханның өмір сүрген кезіне тиесілі көп жәдігер табылды. Бұл «мұнда билік құрған ең соңғы хан – даңқты қазақ ханы Абылай болған» деген тұжырымды растай түседі.
Қазақтың ел билеушілері Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрам өлкесін маңызды стратегиялық орын деп белгілегені тарихтан аян. Сол себептен де Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрам жерінен, Арыс өзенінің бойынан бекініс салғызады. Халық оны сол кезден-ақ Ханқорған деп атап кеткен.
Осыны ескерсек, Ханқорғанның тарихы әлі де жан-жақты зерттеліп, зерделене түсуі керектігі анық. Бұл жұмыстар алдағы күндердің еншісінде.

adimage