Қазақстан БҰҰ миссиясының байқаушылары ретінде тағы екі бітімгершіні Африкаға жіберді

Астана. 29 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан БҰҰ миссиясының байқаушылары ретінде тағы екі бітімгершіні Африкаға жіберді, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысу шеңберінде Қазақстан Қарулы күштері офицерлерінің ротациясы жүргізілді. Қазақстандық әскери қызметшілер подполковник Асқар Мұхамедрысұлы мен майор Бақтияр Батталов бір жыл бойына БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы (MINURSO) миссиясының әскери байқаушылары ретінде қызмет атқаратын болады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, бүгінде ол жерде 2022 жылдың көктемінде аталған миссияға жіберілген Қазақстан Қарулы күштерінің төрт офицері қызмет өткеріп жатқанын атап өткен жөн.
«2014 жылдан бері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы бітімгерлік миссиясына отыздан астам қазақстандық әскери қызметші қатысты. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, үміткерлер еліміздің Қарулы күштері шеңберінде тиісті іріктеу мен медициналық комиссиядан өтіп, қажетті тест тапсырды. Сондай-ақ Асқар Мұхамедрысұлы мен майор Бақтияр Батталов Африка құрлығына жіберілгенге дейін БҰҰ-ның әскери байқаушылары мен штабтық офицерлер курсын шетелде аяқтады», - делінген хабарда.
Қазіргі таңда әскери қызметшілер Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясының штабы орналасқан Эль-Аюн қаласына келді. Бірқатар дайындық шараларынан соң олар қызметтік міндеттерін орындауға кіріспек.
«Әскери байқаушылар жауапкершілік аймағында жергілікті жерді патрульдеу іс-шараларын жүргізіп, мониторинг нәтижелері туралы миссия басшылығына егжей-тегжейлі баяндайтын болады. Әскери қызметшілерді БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына жіберу күрделі жағдайларда қызмет өткерудің қажетті тәжірибесін алуға және ел Қарулы күштерінің жауынгерлік даярлығын дәйекті жетілдіруге ықпал етеді», - деп хабарлады қорғанысминінен.

adimage