Қазақстан ресми түрде бірыңғай уақыт белдеуіне көшті

Астана. 1 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан ресми түрде бірыңғай уақыт белдеуіне көшті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа кейін шегерілді.
Осылайша, еліміз UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне ресми түрде ауысты. Жұмыс тобы UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу — ең дұрыс және оңтайлы жол деп тапты. Бұл ретте Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады.
29 ақпанды қоса алғанда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 уақыт белдеулері пайдаланылған еді. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.
Еске салсақ, 19 қаңтарда ҚазТАГ үкіметтің 1 наурыздан бастап Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне өтуін бекіткенін хабарлаған еді.

adimage