Биліктің босанған әйелдерге ана капиталын беру туралы пікірі

    Астана. 8 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы премьер – министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ана капиталына және босанған әйелдерге медициналық көмек беруге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
  «Ресейдің тәжірибесі бойынша елімізде ана капиталын енгізу мәселесі бірнеше рет зерделеніп, талқыланды. Ресейде ана капиталы уақытша шара болып табылады және халықтың туу көрсеткішін өсіру үшін жүзеге асырылады. Төлем сертификат түрінде рәсімделеді және оны бала үш жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға жұмсай алады (тұрғын үй сатып алуына, білім алуына жұмсауға). Алайда оны пайдалану үшін төлем қабілеттілігін растау қажет», - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Вице – премьер біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы ол ай сайын төленетіндігі және оны қолдануға шектеулер жоқ екендігін айтып өтті.
   «2024 жылы төрт баласы бар отбасына ай сайын Т59 183 төленіп келеді, ол орта есеппен 18 жылда (кәмелеттік жасқа толғанға дейін) жалпы сомасы кем дегенде Т12,8 млн құрайды. Бұл көрші елдің төлемақысынан бірнеше есеге артық, әлдеқайда тиімді және жәрдемақы төлемдерінің уақытылы әрі тұрақты төленетініне кепілдік берілген. Аталған жәрдемақы төлемдерін отбасы жинақтауға мүмкіндігі бар және белгілі бір мақсаттарға ғана емес, қажеттілігі бойынша жұмсауға болады», - деп түсіндірді үкімет басшысының орынбасары.
   Сонымент қатар, Дүйсенова «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар капиталын қалыптастыру үшін арнаулы заң қабылданғанын және онда ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін балалардың есеп-шотына аударып, оны білім алу немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жұмсауға мүмкіндік беру көзделгенін де атап өтті.
   «Бүгінгі күні стандартқа сәйкес, перзентханадан шыққан барлық босанған әйелдерді тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымы мамандары қатаң бақылауға алады. Алғашқы үш күн ішінде үйлеріне барып, патронаж жасау арқылы әйелдің денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын бағалайды. Бақылау барысында әйелдің денсаулығында ауытқулар анықталған жағдайда тегін тексерулер мен бейінді мамандар кеңесін тағайындайды», - деп хабарлады вице-премьер.
   Ал қауіпті факторлары бар, ауыр жағдайда босанған әйелдерді диспансерлік бақылауға алып, тұрғылықты мекенжайы бойынша МСАК қызметкерлері бейінді мамандармен бірлесе отырып, амбулаторлық немесе стационарлық медициналық оңалту шараларын іске асырады, деді ол.
   «Сондай-ақ қағидаға сәйкес жүктілік кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүкті әйелдерге шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетіледі. Осы бұйрыққа сәйкес, тісті емдеу (карис, пульпит және тағы басқа) шаралары да МӘМС шеңберінде жүргізіледі. Жоспарлы көмек профилактикалық іс-шаралар кезінде, науқастың өміріне қауіп төндірмейтін, шұғыл және шұғыл медициналық көмекті қажет етпейтін аурулар мен жағдайларда көрсетіледі (жақтың немесе тістің рентгенографиясы, пломба, анестезияны қолдану арқылы қарапайым және күрделі тісті жұлу), - деп мәлімдеді премьер – министрдің орынбасары.
   Оның айтуынша, мемлекет тарапынан осы бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасатын болады.

Фото көзі: pixabay.com


adimage