Екібастұздағы барлық үйге жылу берілді – минкабинеті

Павлодар. 7 желтоқсан. ҚазТАГ – Екібастұздағы барлық үйге жылу берілді, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметінен.
«Жедел штаб басшысы – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 7 желтоқсан, сағат 08:00-дегі жағдай бойынша зардап шеккен барлық үйге жылу берілді. Желілік судың параметрлері: қысымы 8,8 кг/см2, түзу бағытта 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градусты құрайды», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Үкіметте мәлімдегендей, энергия көзі штаттық режимде жұмыс жасап тұр.
«Екібастұз ЖЭО қаладағы жылуды қалпына келтіру бойынша қажетті барлық жұмысты атқарып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың салдарынан болған гидравликалық режимнің баланстан ауытқуы, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатып отыр. Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз», - деп мәлімдеді минкабинетінен.
Екібастұзда барлығы 689 көп қабатты тұрғын үй бар.
«Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 27 қарашада Павлодар облысы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда ЖЭО-дағы қазандықтардың істен шығуы салдарынан жылусыз қалды. Нысанды олигарх Александр Клебанов бақылайды – жыл басынан бері бұл ол бақылайтын ЖЭО-дағы екінші ірі апат. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалы энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды қарастыруды тапсырды. Апат бойынша ЖЭО-да тергеу амалдары басталды. Апатты жою үшін Астанадан және тағы үш қаладан мамандар жіберілді. ЖЭО-дағы апат дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

adimage