Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланбауы мүмкін

Астана. 9 сәуір. ҚазТАГ – Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланбауы мүмкін, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Халқы үшін аянбай қызмет еткен көрнекті тұлғаларымызды таныту, олардың өмір жолын үлгі ретінде келешек ұрпаққа насихаттау парызымыз. Алайда үкіметтің «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулысына сәйкес жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы 100 жылдықта – 100 жылдығы, одан кейiнгi 100 жылдықтарда әрбiр 25 жылда аталып өтiледi», - деп жауап берді премьер – министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына қатысты депутаттық сауалға.
Вице – премьер, елімізде Әлихан Бөкейханға арналған іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылады, соңғы үш – төрт жылдың көлемінде Әлихан Бөкейханның жеке ескерткіштері, бюстері Семей, Павлодар қалаларында, Қарағанды облысында, композициялық ескерткіштері Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында, Түркістан облысында орнатылған деді.
Сонымен қатар, көшелерге, мектептерге Әлихан Бөкейхан есімі берілгенін айтып өтті.
«Белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған ауқымды шараларды аталған қаулыға сәйкес белгіленген мерейтойлық жылдарға орайластырып өткізу қажет деп есептейміз», - деп хабарлады үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, 5 наурызда ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт көсемі, «Алаш» Республикасының негізін қалаушысы және басшысы, Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің хабаршысы – Әлихан Бөкейханның туған күні өтті. Келе жатқан, 2026 жылы Әлиханның 160 жылдығы.

Фото көзі: Ашық деректерден


adimage