Ұлытауда ҚАЖК мен Ұлттық ұлан қызметкерлері азаптау ісі бойынша тергеуге алынды

Жезқазған. 3 сәуір. ҚазТАГ – Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Ұлттық ұлан қызметкерлері Ұлытаудағы азаптау ісі бойынша тергеуге алынды, деп хабарлады бас прокуратураның баспасөз қызметінен.
«Ұлытау облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша №62 Мекеме мен ҚР Ұлттық ұлан №6505 әскери бөлімінің қызметкерлеріне қатысты азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Мекеменің 7 және Әскери бөлімнің 4, жалпы 11 қызметкері № 62 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 11 сотталғанды кемсіту, өзге де сотталғандарды қорқыту мақсатында күш қолдану арқылы оларды азаптағандығы анықталды», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Қадағалаушы органда мәлімдегендей, «лауазымды тұлғалар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарын жасыру мақсатында сотталғандарды Мекеме және Әскери бөлім қызметкерлеріне бағынбаушылық жасағандығы туралы жоғары тұрған басшылырына баяндаған».
«Тергеу барысында күдіктілерге бұлтартпау шаралары қолданылып, тергеу сотымен олар лауазымдарынан уақытша шеттетілді. 26 наурызда қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп хабарлады бас прокуратурадан.

adimage