Шуда полицейлерге топ болып қарсылық көрсеткендерге үкім шықты

Тараз. 7 желтоқсан. ҚазТАГ – Шуда полицейлерге топ болып қарсылық көрсеткендерге үкім шықты, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсынан.
«Шу аудандық сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы үкімімен сегіз тұрғынға қатысты 3 жылдан 8 жыл 2 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Еске салсақ, 7 мамыр түнгі сағат 01.30 шамасында Шу қаласындағы вокзал маңындағы алаңда полиция қызметкерлері мемлекеттік белгісі жоқ ВАЗ 2114 автокөлігін тоқтатқан болатын.
«Құжаттарды көрсетуді сұрағанда жүргізуші мен көлікте болған белгісіз адам полиция қызметкерлерінің талабын орындаудан бас тартқан. Олар полицияға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, шабуыл жасай бастаған. Сонымен қатар жақын маңдағы кафе мен алаңнан бір топ адам жиналып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, полиция қызметкерлеріне дене жарақатын келтіріп, қаруларын тартып алмақшы болған», - деді құқыққорғаушылар.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс материалдары үкім шығару үшін сотқа жолданған болатын.

adimage