Смайылов Тоқаевқа Қазақстанда инфляцияның өсімі баяулауы жөнінде баяндады

   Астана.19 сәуір.ҚазТАГ- премьер-министр Әлихан Смайылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанда инфляцияның өсімі баяулауы жөнінде баяндады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
   "Нәтижесінде биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Біздің алдымызда биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндеті тұр", – деді сәрсенбі күні Әлихан Смайылов.
   Бағаны тұрақтандыру үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеттерінің бірі екенін баса айтты. Осыған байланысты үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда.
   "Республикада Халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы іс-шаралар аясында биыл 3 млн-нан астам адамның жалақысы өсті.Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Атап айтқанда, биылдан бастап 4,4 млн адамды жоғарылатылған әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді", – деп атап өтті Премьер-министр.

adimage