Тоқаев: Санкция жағдайында АХҚО-ға тіркелу талабы барынша оңай әрі либералды болуға тиіс

Астана. 28 маусым. ҚазТАГ – Санкция жағдайында «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) тіркелу талабы барынша оңай әрі либералды болуға тиіс, деп санайды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Мемлекет басшысы АХҚО-ның алдында жетекші қаржы орталығы ретінде өз мәртебесін институционалды тұрғыдан нығайту міндеті тұрғанын атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялық мәселеге мән бере отырып, шетелдік компаниялардың АХҚО-ға тіркелу талабы барынша оңай әрі либералды болуға тиіс екеніне тоқталды», - деп хабарлады Ақорда.
Президент АХҚО-ның шетелдік серіктестермен диалог жүргізуі қажет екенін атап өтті және қаржы реттеушілерімен тығыз ықпалдастық орнатудың маңыздылығын жеткізді.
«Сондай-ақ Президент Орталықтың реттеушілік қызметі мен нормативтік-құқықтық базасы дербестігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуы керек екенін айтты», - деді Ақорда.

adimage