Қант тапшылығы халыққа да, бизнеске де қиын тиіп тұр

Жарияланды
Шекердің бағасы шарықтап кетті

Қазақстандағы қант тапшылығы халық пен бизнеске қатты әсер етіп отыр. Бұл елімізде тәтті тұтыну көлемінің азайғанынан аңғарылады. Мәселен, республикада бір адам орта есеппен айына 1,5 келі құмшекер жейді. Ал жыл басынан бері үш ай ішінде әр қазақстандық орта есеппен 10,3 келі қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнім тұтынды, ал бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға аз, деп хабарлады Energyprom.kz.

Сарапшылардың хабарлауынша, жыл басынан бері құмшекерге деген сұраныс артқан. Ай сайын тұтынатын 10,3 келі қант өнімдерінің ішінде 4,5 келісі – құмшекер. Бұл көрсеткіш былтырғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 7,2%-ға артқан. Сондай-ақ сұраныс артқан өнімдер арасында балмұздақ (2,6%-ға артты), шоколад (0,5%) бар.

Алайда тазартылған қантты тұтыну жан басына шаққанда 27,6%-ға төмендеді. Демек, үш ай ішінде бір адам тазартылған қантты тұтынуды 113 граммға дейін азайтты. Тосап, джем, жемістен жасалған тәтті қоймалжын тұтыну (27,4%-ға), шоколад қосылған кәмпит (11,2%-ға), бал (0,3%-ға) және басқа да тәттіні (2,8%-ға) тұтыну төмендеді.

Өңірлер ішінде қант өнімдерін үш ай ішінде Алматы облысы мен Түркістан облысының тұрғындары көп тұтынған. Алматы облысында орта есеппен жан басына шаққанда 12,5 келі, Түркістан облысында – 11,28 келіні көрсетеді. Үшінші орында Алматы қаласы тұр – 11,27 келі. Қант өнімін аз тұтынатын өңірлер үштігінде Шымкент (6,9 келі), Атырау (8 келі) және Шығыс Қазақстан облысы (8,5 келі) кірді.

Елімізде жыл басынан бері қант бағасына қатысты дүрлікпе бар. Кей өңірде дүкен сөрелеріндегі қантқа таластың видеосы да тарады. Жаз шығып, тосап қайнату маусымы басталар шақта құмшекер бағасы шарықтап, азаматтарды әбігерге салды. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, елімізде қанттың орташа бағасы келісі үшін – 476 теңге. Оның ішінде Алматы қаласында – 507 теңге, Атырау облысында – 496 теңге, Ақмола облысында – 492 теңге. Алайда тұрғындар дүкен сөрелеріндегі өнімнің бағасы статистикадан әлдеқайда жоғары екенін айтады. Тіпті кей жерде қант бағасы 630 теңгеден 800 теңгеге дейін құбылады.

Ұлттық статистика бюросының мамандары Қазақстан қалаларында 1 келі құмшекердің орташа бағасы мамыр қорытындысы бойынша 439 теңгені құрады дейді. Қант қымбат өңірлер арасында Алматы (463 тг), Қарағанды (461 тг), Атырау (460 тг) қалалары бар. Баға арзан өңір арасында Ақтөбе (378 тг), Ақтау (397 тг) және Петропавл (401 тг) тұр.

Ішкі тапшылықты жою және бағаны тұрақтандыру мақсатында сауда және интеграция министрлігі ақ қант пен шикі қанттың бажсыз импортына арналған квотаны 2022 жылдың 31 қазанына дейін ұзарту туралы келісімге келді. Бұл шара ішкі нарыққа импортталатын қантты жеткізу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлік бірқатар елмен қант жеткізу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз