БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың түсіндірмесі

Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлес төмендейтінін ескере отырып, Ұлттық Банк 2023 жылы шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр. Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады. Осыншамы ақшаны сатып алу валюта нарығына айтарлықтай әсер етпейді екен. Қйткені ол орташа тарихи мәннің 6-7 пайызынан аспайды. Бұл туралы ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов мәлім етті.

 KASE-дегі жылдық сауда көлемі 2022 жылдың аяғында 29,7 млрд болған. Сонымен қатар, шетел валютасын сатып алатын операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында жыл бойы біркелкі өтеді.

Қомақты активтерге қатысты теңгерімді инвестициялық саясатты жүргізу – портфельді әртараптандыруды талап етеді. Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, оны тек жергілікті бағалы қағаздар нарығы аясында жүзеге асыру мүмкін емес.

2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін өскен.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық бөлігін тиімді басқару мақсатында шетел активтерінің негізгі кластарына инвестициялауды көздейтін стратегиялық бөлу әзірленді. Бұл – әлемдік акциялар, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, зейнетақы активтерінің өсуі жағдайында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 28,4%-ды көрсетті. Зейнетақы активтерінің одан әрі күтілетін өсімін ескере отырып, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлес 2023 жылдың соңына қарай 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

«БЖЗҚ портфеліндегі шетел валютасын сатып алу зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының ауқымын кеңейтуге бағытталғанын атап өткен дұрыс. Бұл инвестициялық портфельдің сапасын жақсартуға, оны әртараптандыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада оның өтімділігі мен табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді» деді қаржыгер.

Кеше 2023 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның ұзақ мерзімді облигацияларына БЖЗҚ-ның жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейінгі зейнетақы активтерін нарықтық жағдайда инвестициялатыны хабарланған еді. Тартылған қаражат машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, инфрақұрылым және басқа да салалардағы ірі жобаларға кредит беруге жұмсалады. Қаржыландырылатын жобаларды іріктеу және бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде жүзеге асырылады.

«Кредит тәуекелдері тұрғысынан «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға инвестиция салу қауіпсіз әрі бұл іс жүзінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауында болады. Холдингтің кредиттік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз кредит рейтингі деңгейінде және Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша тұрақты болжаммен «ВВВ» құрайды», дейді  Нұржан Тұрсынханов.

Сондай-ақ оқыңыз