Шілдеде ұн қымбаттауы мүмкін

83

Астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, ұнның тоннасы 250 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал. Өйткені, ақпанда тоннасы 120 мың теңгеден алынған астық қоры таусылды. Енді тоннасы 170 мың теңгеден алынған астық өңделеді дейді сала маманы. Бұл барлық ұн өнімдерінің бағасына ықпал етері сөзсіз.

«Ресей ұн экспортына шектеу енгізгендіктен соңғы бірнеше айда қазақстандық диірмендердің 80 пайызының жұмысы тоқтатады. Салдарынан біз Тәжікстан мен Өзбекстан нарығын жоғалттық. Бұл мемлекеттерге жіберілетін ұн экспортының көлемі қысқарды. Аталмыш нарықты ресейлік кәсіпорындар жаулап алды. Өйткені баға жағынан біз бәсекелесе алмаймыз» дейді одақ президенті Әлихан Талғатбек.

Одақ ақпаратына сай, биыл ақпан-маусым аралығында ұнның тоннасы 160 мың теңгеден 220 мыңға дейін өсті. Бұл бұрынғы бағадан 37,5%-ке жоғары. Шілдеде біз ұнның бағасын тағы өсіруге мәжбүрміз. Өйткені астықтың тоннасы 170 мың теңгеге дейін жетті. Сондықтан ұнның тоннасын 220 мыңнан 250 мың теңгеге дейін көтереміз.

Баға шамамен 23%-ке өседі. Тізбектей келе бұл ұн өнімдерінің қымбаттауына әкеледі», дейді Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек.

Шынар Оразова