Шымкентте жанар-жағармай тапшылығы талқыланды

113

Шымкентте мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалдануы мен сатылуына қарсы күрес тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында қаладағы жанар-жағармайдың бағасы талқыланды. Ал, жергілікті кәсіпкерлер жиында дизель отынына қол жеткізе алмай отырғанын айтып шағымданды.

Елімізде жанар-жағар майдың бағасын тұрақтандыру үшін шектік баға енгізілген. Алайда Шымкенттік жанармай құю бекеттерінің иелері «баға тұрақталғанмен, дизель отыны жеткіліксіз» екенін айтады. Сондай-ақ, көтерме саудамен айналысатын алып сатарлар дизельді жалпыға ортақ бекітілген бағамен сатады екен. Нәтижесінде олардан алатын кәсіпкерлердің жұмысы тұралап қалған.

Байлар Бекжанов, жеке кәсіпкер: «45-45 тоннадан береміз өтінім дизель мен АЙ-92-ге. «Петро Қазақстанға» өтінім жібереміз. Бізге 10 тонна ғана береді. Былтыр мүлде сата алмадық. 6 ай жоқ болды. Биыл қаңтар оқиғасынан кейін біршама жақсарып еді. Осымен дұрысталады ғой десек, міне шілдеде жоқ. Біз 230-дан алып, 230-дан қалай сатамыз. Алып сатарларп 230-дан сатып жатыр. Оны ала салайын десек, ол да жоқ».

Ал қала әкімдігі мегаполисте дизель отыны тапшы деген уәжбен келіспейді. Әкім орынбасары Айбек Сәттібаев аталған шағым бойынша мүмкіндігінше жұмыс жасап жатқанын айтты.

Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Министрліктен баға да лимит те әрбір қалаға, әрбір облысқа бекітіледі. Қазіргі таңда Шымкентте бензин мен дизель бойынша дефицит жоқ. Кейбір АЗС-тар мүмкіндігіне орай ала алмай отыр. Бұл сұрақ бұрын да көтерілген. Мұна министрлік тарапына да жібердік».

Дөңгелек үстел барысында қаладағы жанар-жағар майдың бағасына мониторинг жасалып, басты мәселелер талқыланды. Ол үшін арнайы тексеріс тобы да құрылған. Құзырлы орган өкілдері мұнай өнімдерінің тұрақты бағада сатылуын қадағалап, құқық бұзушыларды күнделікті анықтап отырғанын мәлімдеді.

Дәурен Тұрғынбай, Шымкент қаласы бойынша ЭТД басқарма басшысының міндетін атқарушы: «Қаламыздағы мұнай өнімдерін сауда-саттық нарығындағы бірқатар заңбұзушылық тәуекелдері мен жалпы криминогендік жағдайдың жоғары дәрежеде екенін анықтап отыр. Шымкент қаласында «Петро Қазақстан» ЖШС жоспарлы режимде қаламызды жанар маймен қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда Айбек Берікұлы айтып өткендей жалпы зауыттың өндірістік мүмкіндігінің 16 пайызымен қаламызды қамтамасыз етуде. Біз 1 айда 20-25 мың тонна бинзинді жаратамыз. Ал дизель отыны 19 пайыз, ол 18-20 мың тонна дизель пайдаланып отырмыз. Бұл дегеніміз, зауыттың қалыпты жұмысында қаламыз бен оңтүстік өңірде жанар-жағар май тапшылығы болмау керек».

Шымкент қаласында бекітілген баға АИ-92 бензині 1 литрі үшін 182 теңге, АИ-93 маркалы жанар май 182 теңге, ал дизель отыны 230 теңгеден босатылуда.

Әсел Мәлік