5 жыл бұрын ғана салынған мектептің қабырғасы қирап, құлаудың алдында тұр

84

Шардарада 5 жыл бұрын ғана салынған білім ордасының күйі мәз емес. Осы уақыт аралығында іргетасы үгітілген мектептің қабырғалары да шөге бастаған. Тіпті ғимараттың бір жақ бөлігі толығымен қаусап қалғаннан бала оқытпақ түгілі, өзіміз жанына жолауға қорқамыз дейді, мекеме қызметкерлері. Сол себепті, ол жақты жауып тастауға тура келген. Айналдырған 5 жылдың ішінде іргесі үгітіліп үлгерген білім ошағының бүгінгі жағдайы қалай?

«Іргетасы үгітіліп, қабырғасы қопарылған». Бұл небәрі 5 жыл бұрын жүргізілген құрылыс нәтижесі. 250 балаға арнап салынған мектеп – Шардара қаласы маңындағы Өтеғұл елді мекенінде орналасқан. Білім ордасы пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймаса да қабырғалары қисайып, бір жаққа ауа бастапты. Сондықтан мекеме басшылығы ғимараттың осы бөлігін жабуға мәжбүр болған.

Кезінде құрылыс талаптары бойынша кемшіліктер анықталып, жаңа мектепті тапсыру жұмысы да біраз уақытқа кешеуілдеген көрінеді. Содан, арада бір жыл өткенде барып жауаптылар ғимаратты қабылдап алыпты. Дегенмен, сапасыз құрылыстың нәтижесі көп ұзамай-ақ белгілі болған.

Нұржамал Әділова, Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары: «Мынау қисайды қабырғасы, арасы ашылды. Одан кейін біздерге қауіпті ғой. Жаңағы жөндеу басталғанша деп өзіміз тіреп қойдық ағаштармен. Енді бұздырып жатырмыз. Мердігер келмеді. Кепілдік мерзімінің уақыты да келген жоқ».

Соңғы уақытта, білім ордасына перзентін жіберуге жүрексінген ата-аналар, ғимараттың жай-күйін бақылауға жиі келеді. Негізгі себеп, үгітілген қабырға қопарылып, балам үйінде астында қалып қояма деп алаңдайды.

Зоя Есбосынова, Шардара қаласының тұрғыны: «Менің балаларым оқиды мында, әлі алда 4-5 балам оқиды бұл жерде. Қандай жағдайға тап болатынын білмеймін, балалар төбеге мінген жағдайда төменге түсіп кетсе ойылып, әлде мына шеті құлап кетсе, естігелі бері қорқамыз».

Бүгінде ғимараттың басқа да қабырғаларында жарықтар пайда болған. Ал, мектеп басшылығы 5 жыл бұрын нысанды қабылдап алған құрылыс бөліміне де, облыстық басқармаға да хат жаздық дейді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Енді мұғалімдер ағымдағы жылы жөндеуге бөлінген қаражатпен амалдауға мәжбүр.

Мамандардың сөзінше, Түркістан облысында, жаңа болса да, күрделі жөндеуді қажет ететін мектеп бұл ғана емес көрінеді.

Дінислам Болатханұлы, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: «Ордабасы ауданында да мектептер 2017 жылы ғана салынған. Бірақ қазіргі уақытта сол Сайрам ауданында да сондай мектеп бар. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында бар. Бірақ сол мектептерге де бізден қайта қаржы сұрап отыр. Үш мектеп бізде Жетісайда, Сарыағашта және Қазығұртта осындай проблема бар».

Тиісті мамандар сапасыз құрылысқа жауапы мердігерлердің тізімін құзырлы органдарға тапсырмақ. Сондай-ақ, кешенді қабылдап алған құрылыс мамандарын да жауапқа тарту кереку деп санайды. Ал, шардаралық ұстаздар болса жаңа оқу жылына дейін мектептің бұзылған бөлігін қалыпқа келтіруді көздеп отыр.

Аида Қарсыбайқызы