Шымкент: Аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткілерді таратып келген «көтерме-саудагер» ұсталды

13

Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүріп жатыр. Кезекті іс-шара барысында қала аумағында аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді таратумен айналысқан 26 жастағы тұрғын ұсталды.

Тергеу барысында оның оңай ақша табу мақсатында әлеуметтік желі арқылы есірткі курьері болып жұмысқа тұрғаны белгілі болды. Кейіннен жұмысын жақсы атқарғаны үшін «көтерме-саудагер» деңгейіне көтеріліп, шағын мөлшерден ірі және аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткілерді таратуға көшкен. Сосын оны тұтынушыларға жеткізу мақсатында сақтап, тасымалдап, жасырын орындарға тығып келген.
Ер азамат өзінің автокөлігімен кезекті есірткі заттарын таратуға шығуы барысында полиция қызметкерлерімен ұсталып, алдыңғы жолаушы орындығының астына тығылған сөмкесінен сым қабықшалардағы 7 дана жапсырмаға (скотчқа) оралған жалпы 100 дана синтетикалық есірткі тәркіленіп алынды.
Сонымен қатар, ол тығып үлгерген жерлерден тағы қосымша 2 дана жапсырмаға оралған 30 дана сым қабықшаларына салынған синтетикалық есірткі табылды.
Тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде тағы да бөлшектеп таратуға арналған екі дана есірткі алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы – 150 грамнан асады.
Бүгінде аталған азаматқа қатысты ҚК-тің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Осы ретте, полиция қызметкерлері тұрғындарды есірткі саудасына қатысудан аулақ болуға шақырады және ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.