Шымкентте «Чак-чак» мерекесі тойланды

29

Берекелі күз татар-башқұрт этносы үшін де ең маңызды маусым. Себебі дәл осы мезгілде астық пісіп, мерекелер басталады. Сондай атаулы мейрамдардың бірі – бірі «чак-чак байрамы». Бұл еліміздегі татар этнос өкілдерінің тұрақты түрде өткізетін шарасы. Жылдағы дәстүр бойынша Достық үйінде жиналған этнос өкілдері бұл жолы ауқымды мерекелік көрме ұйымдастырды.


Әсем ән аясында басталған бұл шара татар-башқұрт этносының чак-чак мерекесі. Мұнда қаламыздағы этнос өкілдері дөңгелек үстел басында жиналды. Шара қонағы Марс Садыков Қазан қаласында туған. Ол Шымкентке 1972 жылы отбасымен бірге көшіп келіпті. Әкесі қаламыздағы қорғасын зауытында қызмет еткен. Кейін әкесінің жолын қуып өзі де металлург болып жұмыс істеген. Ал бүгін өңірімізге сіңірген еңбегі үшін марапатқа ие болды.

Марс Садыков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл мереке біздің ұлтымызда өте танымал. Чак-чак бізді бір дастархан басына жинайды. Бір үстел басында тату-тәтті отырғанға не жетсін. Мен Қазан қаласында туғанмын. Кейін әкем Шымкентке жұмыс барысымен көшіп келді. Сөйтіп әкеміздің жолын қуып, ағам екеуміз де металлург болдық. Сол кезден бастап, Қазақстанда бір аспан астында тыныштықта өмір сүріп келеміз».

Шараға татар этносын мейрамымен құттықтау үшін өзге ұлт өкілдері де қонаққа шақырылды. Соның бірі – Махира Кушенова. Бар ғұмырын педагогика саласына арнаған ол татар ұлтымен қыз алысып, құда атанған. Сондықтан да олардың мәдениеті таныс екенін айтады.

Махира Кушенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгін татар-башқұрт ұлтының мәдениет күні ашылып жатыр. Және де чак-чак мерекесі тойланып жатыр. Мерекеге орай татар ұлтына тілерім қанша жалдар бойы бірге өмір сүріп жатырмыз, осы бірлігіміз ажырамасын».

Шымкентте 11 мыңнан аса татар мен башқұрт этнос өкілі өмір сүреді. Ал «чак-чак» мерекесі елімізде әр жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мерекеге орай татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар мүшелері арнайы алғыс хатпен марапатталды.

Ася Мухамедова, Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы: «Бүгін татар-башқұрт этномәдени бірлестігінде үлкен мереке. Біз «чак-чак байрам» мерекесін өткізіп жатырмыз. Чак-чак татар-башқұрт ұлтының визит картасы сынды. Бұл мереке 2008 жылы Қазан қаласында басталды. Ал біз оны 2011 жылдан бастап тұрақты түрде ұйымдастырамыз. Бұл ерекше мерекеде ұлттық тәттімізді пісіріп, бір дастархан басына жиналамыз. Біздің бірлікте, татулықта өмір сүріп жатқанымызды осылайша атап өтеміз».

Айта кетейік, чак-чак татар халқының ұлттық тәттісі. Оның 200-ге жуық түрі бар. Бұл мейрамды өткізудің мақсаты барша отандастарымызды бірлікке шақыру.

Мемлекет басшысы ұлттар бірлігіне баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын.