Мүгедектік мерзімін ұзартып беру үшін пара алған

64

 Шымкентте Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы 2-ші топ мүгедегінен пара алған. Қазір жұмыстан босатылған экс-қызметкер мүмкіндігі шектеулі азаматтың мүгедектік мерзімін ұзартып бермек болыпты. Пара сомасы – 10 мың теңге. Бұрынғы қызметкер сот үкімімен 250 мың теңге айыппұл арқалап, өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айрылды.

Олжас Тобашов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы: «Бұл өте күрделі мәселе. Себебі, халықтың осал тобы – бұл өте ауыр қылмыс болып табылады. Осы орайда бізде департаментпен бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесімен Шымкент қаласы Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің №5 бөлім басшысына қатысты пара алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті жүргізілді. Ол бөлім басшысы лауазымын атқарып жүріп, өзінің лауазымын жеке бас пайдасына пайдаланып, 2-ші топтағы мүгедек азаматты мүгедектік мерзімін ұзартып беру үшін делдал арқылы жалпы сомасы 10 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталды».

Тергеп-тексеру нәтижесімен бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, сот үкімімен жаза тағайындалды. Осы жағдайға байланысты қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің қызметкерлерімен жиын өткізді. Отырыста аталған департаменттің басшысы Бақтияр Өнербаев қызметкерлеріне мұндай қылмыс енді қайталанбауы үшін қалталарын тігіп тастау қажет екенін айтты.

Бақтияр Өнербаев, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті РММ басшысы: «Бұдан былай сіздер осындай әрекетке бармайтын шығарсыздар деп, бүгін осы жиналысты өткізіп отырмын. Кеше тергеу абақтысын барып аралап көрдіңіздер. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтардың баратын жері сол түрме. Енді сіздермен қалай сөйлесу керек?! Мына халатты  екі жағындағы қалтасын тігіп тастаңыздар. Кез келген сіздердің таныстарыңыз келіп, 10-20 мың теңгені халатыңыздың қалтасына салып кетуі мүмкін».

Гүлдана Дәурен