Субұрқаққа шомылсаңыз айыппұл арқалайсыз

41

Субұрқаққа шомылғандар айыппұл арқалайды! Сонымен қатар ол судан инфекциялық ауру жұқтыру қауіпі де жоғары. Мамандар бір орнында тұрған суларда өткір ішек аурулары мен тырысқақтың пайда болатынын айтады.

Жаз басталысымен ыстықтан қорғанған балалар су бұрқаққа шомылуды әдетке айналдырады. Алайда арнайы мамандар онда жуынуға болмайтынын айтады. Сөзінше тұрғындар суға түсемін деп тырысқақ ауруына душар болуы мүмкін.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Негізі шомылуға рұқсат бірмейміз. Шомылуға болмайды. Фонтанның суы білесіздер тазаланбайды, залалсыздандырылмайды. Сондықтан жалпы адамдардың шомылуына арналмаған. Фонтандарда шомылмауға кеңес беріп жатқан себебім, сулар тазаланбаған соң ішек жұқпалы аурулары берілуі мүмкін. Су жұтып қояды балалар, ондай кезде өткір ішек жұқпалары болады».

Мамандардың сөзінше жаздың аптабында субұрқаққа түсудің зиянды тұстары көп. Алайда соған қарамастан жаз келе сала айтулы орындарды жағалап жүрген балалар жеткілікті. Қала тұрғындары мұндай жағдайда әрбір бүлдіршінге ата-анасы түсіндіру жұмысын жүргізу керектігін айтады.

«Тазалыққа сай келмейді. Бала содан ауырады. Үлкен адамдар үйінде түсіндіріп айтып отыру керек».

«Су бір орнында тұрады. Содан инфекция жұғады. Сондықтан теріс көзқарастамын».

«Қарсымын. Шомылатын орындар бар ғой. Сонда барып шомылған дұрыс» – дейді қала тұрғындары.

Тыйым салынған орындарға суға түсу әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Осыған орай қала тұрғындарына құқық қорғау органдары тарапынан түсіндерме жұмысы жүргізіліп тұрады. Егер субұрқаққа шомылу фактісі қайта тіркелсе, 2 АЕК көлемінде айыппұл да қарастырылған.

Шарен Бекенов, Шымкент қаласы ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы: «Біріншіден ол шомылатын жер емес. Тыйым салынған. Егерде шомылатын болса, ӘҚК-тің 364 бабымен әкімшілік шара көзделген. Бірінші тармағы бойынша ескерту көзделген, екінші тармағында жеке тұлғаларға 2 АЕК түрінде айыппұл көзделген»

Субұрқақтар айына 1 рет тексерістен өткізіледі. Таза емес суларға түсу паразитарлық аурулар, минингит сынды бірқатар сырқаттың пайда болуына сеп болады. Сонымен қатар, шомалу кезінде басқа да тері жаралары жұғып кету қаупі басым.