Сайрамда ер адам балаға ұрысып, тепкілеген сәттің видеосы тарап кетті

940

Түркістан облысы Сайрам ауданында ер кісінің балаға қорлық көрсетіп, тепкілеген сәтінің видеосы пайда болды. Бейнежазбаны «Не молчи» қорының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Telegram-каналында жариялады.

Автордың мәліметінше, бұл туралы қорға шағым келіп түскен. Көмек сұраушы дәлел ретінде видео да жолдаған. Онда қолында кішкентай сәбиі бар ер адам шамамен 4-5 жастағы балаға ұрысып, тепкілегенін байқауға болады. Оның қасында баламен шамалас жастағы бүлдіршін қыз да бар. Олар қорыққаны соншалық, тоқтаусыз жылайды.

«Үй іші өте лас. Балалар әбден қиналған. Мұның бәріне қарау мүмкін емес. Балалар омбудсмені шұғыл түрде араласуын сұраймыз. Біз балалар нақты қай жерде тұрып жатқанын және бұл оқиға қашан болғанын білмейміз. Өзбек тілінде жазып отыр. Айтуларынша, еліміздің оңтүстік өңірінде болған» деп жазды Дина Таңсәрі.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім балаларға қатысты жасалған құқыққа қарсы әрекет бойынша Сайрам ауданында қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық мән-жайлар анықталуда. Істің тергелу барысын облыстың бас полицейі жеке бақылауына алған.

(Фото: t.me/dina_tansari)