Барбадос республика атанды

Барбадос республика атанды

Кариб теңізіндегі Барбадос арал штаты сейсенбіде ресми түрде республика болып жарияланды. Қазан айында сайланған ел президенті Сандра Мейсон да қызметіне кірісті, Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ бұдан былай Кариб теңізі мемлекетінің басшысы болмайды. Салтанатты шара Барбадос үкіметінің сайтында хабарланды.

Рәсімнің қонағы жексенбі күні Барбадосқа ұшып келген британ тағының мұрагері, Уэльс ханзадасы Чарльз болды. Королеваның штандарты Барбадос астанасы Бриджтаундағы Ұлттық батырлар алаңында төмен түсірілді.

"Мен Барбадосқа адал болуға, заңға сәйкес әрекет етуге, президент ретінде адал қызмет етуге ант етемін", - деді Мейсон өзінің инаугурациялық сөзінде.

Содан кейін Республика Президентінің штандарты қабылданып, алаңда көтерілді.

Мемлекет басшысын ресми ұлықтау рәсімінен кейін Бриджтаун орталығында әскери шеру өтіп, ол барлық жергілікті телеарналардан, сондай-ақ қаланың әр жерінде орнатылған экрандардан көрсетілді. Билік ел азаматтарын республиканың жариялануы мен Тәуелсіздіктің 55 жылдығын мерекелеу кезінде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.

Айта кетейік, қыркүйектің соңында Барбадостың Ассамблея палатасы (парламенттің төменгі палатасы) конституцияға енгізілген түзетулерді бірауыздан қолдады, оған сәйкес Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ бұдан былай Кариб теңізі елдерінің басшысы болмайды. Қазан айында парламентшілер 2018 жылдан бері аралдың генерал-губернаторы қызметін атқарған 72 жастағы Сандра Мейсонды ел президенттігіне сайлады.

Барбадос – Ұлыбритания басқаратын Достастық құрамындағы тәуелсіз мемлекет. Арал республика жарияланғаннан кейін де одақтың құрамында қалады. Барбадос Кариб теңізінің шығыс бөлігінде орналасқан және 287 000-нан астам адам тұрады. Ел 1966 жылы 30 қарашада тәуелсіздігін алған.

Т. Раушанұлы