"Ойымда бар". Ninety One тобының экс-солисі топқа қайта оралуына қатысты пікір білдірді

"Ойымда бар". Ninety One тобының экс-солисі топқа қайта оралуына қатысты пікір білдірді
Фото: instagram.com/xciii.ix.xxviii

Ninety one тобының бұрынғы мүшесі, A.Z лақапатымен танымал рэпер Азамат Зенкаев "Red bull 64 Bars" жобасына берген сұхбатында топқа қайта оралуына көзқарасын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі Ninety one тобының жігіттерімен бірге жұмыс істеуге қарсы емес екенін жеткізді.

"Мен қарсы емеспін. Қайта қосылу емес, ал бірге ән жазып, сахнаны қайта сілкіп жіберуге мен қарсы емеспін. Мен жігіттерді әлі күнге дейін жақсы көремін, құрметтеймін, сағынамын. Қазір аса қатты араласпасақ та, олар әрдайым менің ойымда. Болашақта біз бірігіп бір дүние жасауымыз керек. Ол шоу, халық оны күтеді, тыңдармандарға оның барлығы қызық. Біз әртіс болғаннан кейін, сондай нәрсе жасасақ, керемет болатынын түсініп отырмын. Жігіттер де оны түсінетін шығар. Бірақ ол болады ма, болмайды ма – белгісіз. Өйткені оны тек қана мен шешпеймін ғой. Мен өзім қарсы емеспін. Мен ондай нәрсеге ашықпын. Адамдарды таңғалдыруға қатты жақсы көремін. Тыңдармандардың эмоциялары маған қуат береді. Алайда күшті нәрсе істеу үшін көп қаражат керек. Қазір өмір қымбаттап кетті. Тыңдармандарым менен бір керемет концерт, жаңа бейнебаяндар күтетін шығар. Оның барлығы қызыл ақша. Сондықтан оның барлығын тез арада жасап бере алмаймын", - деп жауап берді ол.

Айта кетейік, бұған дейін A.Z лақапатымен танымал рэпер Азамат Зенкаев Райммен қандай қарым-қатынаста екенін айтқаны хабарланған болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә