"Денең түршігіп, арқаң ұстап кетеді". Голливуд киноларына түскен қазақ қызы тәжірибесін айтты

"Денең түршігіп, арқаң ұстап кетеді". Голливуд киноларына түскен қазақ қызы тәжірибесін айтты
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әлемге танымал фильмдерге немесе Голливуд киноларына түсу көп адамның арманы шығар. Алайда мұны басты рөлді сомдамай-ақ, бұл индустрияның есігін ашуға болады. Зендея, Тимоти Шаламе, Марк Руффало сынды актерлермен бір сахнаға түскен Сания Ошақбаева Massaget.kz тілшісі адам қызығарлық тәжірибесін айтып берді. 

Әлеуметтік желіде Сания Ошақбаеваның видеосы көпқаралым жинады. Онда ол әлемге танымал "Дөң" фильміне қалай түскенін, одан қанша ақша тапқанын айтады. 

Кейіпкер 2021 жылы Венгрияға магистратураға түскен. Сания мажарлар еліне келіп, киноиндустрия есігін ашады. 

"Мен 2021-2023 жыл аралығында Будапешт қаласында магистратурада оқыдым. Сол кезде студент достарым арнайы агенттіктерге тіркеліп, түрлі киноларда массовка немесе статист (сөзі жоқ қосалқы актер - еск.) ретінде түсуге болатынын айтты. Шетелде тұрған басқа қазақстандық студенттер менен бұрын бір сериалға түсіп келді. Олар жұмыстың ауыр, ал күннің суық болғанын айтты. Соған қарамастан, киноға түсу процесі өте қызық өткен. Мен ол кезде киноиндустриясына қатты қызықпаған едім. Кейін Азиза деген құрбым жазда "Дөң" киносы түсірілетіні, соған массовканы осы агенттіктен алынатын айтты. Ал мен "Дөң" киносын да, ондағы басты актерлерді де жақсы көремін. Сондықтан ұзаққа созбай, барып тіркелдім. Оның алдында жазда бір телехикаяға түстім", - дейді ол. 

Бір қызығы, массовкаға тіркелгендер қай туындыға түскісі келетінін таңдай алмайды. Агенттік алдын ала хабарлама жібереді. Онда да киноның аты жазылмайды, тек продакшндағы ақпараты болады. Демек сіз қандай туындыға түсіп жатқаныңызды білмейсіз. 

"Дөңнің продакшндағы аты Halfwaу болды. Біз оны достарымыздан біліп алдық. Алғашында мен жақын араласатын достарыма да, маған да хабарлама келген жоқ. Кейін Азиза деген құрбыма хабарлама келді, ол біз туралы айтты, сөйтіп біз де жобаға ілігіп кеттік", - дейді Сания. 

Кейіпкердің айтуынша, киноға массовка болып түсу - халықаралық студенттердің негізгі табыс көзі. Массовка болу үшін кастингтен де өтудің қажеті жоқ.

"Туындыға түсуге келісім берген соң, қай жерде жиналатынымыз туралы хабарлама жібереді. Сол жерден арнайы автобусқа отырғызып, қала сыртына түсірілім алаңына апарады. Бетімізді әрлеп, киім береді. Сосын 12 сағаттық жұмыс күні басталады. Физикалық тұрғыда қиын, әрине. Жұмыс күні өте ерте басталады. Кезекте көп тұрасың, көп күтесің. Ал біз түскен бір эпизодта ғибадатхананың ішінде ұзақ отырдық. Немесе отырып-тұру сахнасы көп болды. Оның үстіне, қолдан жасалған жел, топырақ қосылуы мүмкін. Ауа райы суық немесе ыстық болуы мүмкін. Мұның бәрі әсер етеді", - дейді кейіпкер. 

Кейіпкер әлемге танымал актер Тиоти Шаламенің актерлік шеберлігіне таңғалғанын айтты. 

"Суреттегі отырғандардың бірі мен болдым. Алғашқы күні Зендея да, Тимоти Шаламе (актерлер - еск.) де болған жоқ. Басты кейіпкердің сөзін режиссер оқып отырды. "Былай айтқанда тұрасың, былай дегенде жатасың" деді. Біз шаң жұтып, аяғымыз ауырып, қатты шаршап қалдық. Мұның бәрі үлкен студияда түсірілді. Келесі күні Зендея келді. Кейін Тимоти киімін киіп, өз сөзін айтқанда мен алдыңғы қатарларда отырдым. Тимоти ортаға шығып, сөзін сөйлегенде денең түршігіп, арқаң ұстап, "Лисан әл-Ғайыб" деп айқайлап кеттік. Оның даусы зор шықты. Сол кезде массовкада шаршап жатқандарға жан бітті", - деді кейіпкер. 

"Дөңнің" екінші бөлімін Мажарыстан, Араб Әмірлігі мен Иорданияда түсірілген. Құм, Дөң сынды сахналар Араб Әмірлігінде түсірілсе, қалған бөлігі Мажарыстанда 2 ай түсірілген. Кейіпкер оның 4 күндік түсіріліміне қатысқан. Әр жұмыс күні 12 сағатқа созылған. 

"Массовка болған соң, біз камераның алдында тұрмаймыз. Сондықтан жүз адамның ішінде өзіңді табу оңай емес. Тек бір сахнада өзімді бір қызға ұқсаттым, онда да ол қыз бұлыңғыр көрініп тұр", - дейді ол.  

Жалпы статистер Background extra мен Featured extra болып бөлінеді. Background extra-ны таңдауда кастинг болмаса, Featured extra-ға адамның бет-әлпетіне қарайды. Оларға сәйкесінше көбірек төленеді әрі олардың экранда өзін көру ықтималдығы артады. 

"Дөңнен кейін бір телехикаяға түстім. Ол - Netflix-тегі "All the light we cannot see". Оған үш күн түстім. Атақты Марк Руффаломен бір сахнада түстік. Бұдан бөлек, Қазақстанда кинотеатрларда көрсетілген "Гранд Туризмо" деген кинода, "Halo" деген телехикаяның екінші маусымына және әлі жарыққа шықпаған "The day of the jackal" деген телехикаяға түстім", - дейді ол. 

Кейіпкердің айтуынша, сағатына шамамен 3000-3500 теңге төленген. Демек, бір күндік жұмыс үшін массовкаға түскендер 36 мыңнан 42 мың теңгеге дейін қаражат ала алады. Бұл - кино саласында кәсіби білімі жоқ адамдар үшін жақсы жалақы. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек