1 жылға 16 қайық: Қазақстан су тасқынымен күреске қанша ақша бөледі?

1 жылға 16 қайық: Қазақстан су тасқынымен күреске қанша ақша бөледі?
Фото: Massaget.kz/Nurzhan Rysbekov

Көктем басталғанда Қазақстанның түкпір-түкпірі су тасқыны апатымен бетпе-бет келді. Сол кезде өңірлерде үрлемелі қайық, тіпті етік жоқ екені ел аузында жүрді. Тіпті төтенше жағдай басталып кеткенде қарапайым халық зардап шеккендерге көмекке ұмтылды. Осыдан кейін "халық өз жыртығын өзі жамауға үйренген" деген сипаттағы пікірлер айтылды.

Massaget.kz тілшісі су тасқынына қарсы күреске бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін анықтап көруге тырысты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, су тасқынымен күреске миллиардтар бөлінген.

Биыл өңірлерде төтенше жағдайлардың алдын алуға 7,22 миллиард теңге көзделген. Былтыр 5 миллиард теңге бөлініпті.

  • Қайық, т.б. құралдар қанша жылда, қалай сатып алынады?

Министрлік мәліметінше, техникалық ресурстар республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыдан сатып алынады.

"Биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде министрліктің құтқару бөлімшелерінің құтқарушыларын жарақтандыру үшін 16 құтқару қайығын сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізіліп жатыр", - деп жауап берген ведомство өкілдері.

Сатып алынатын техникалық ресурстар өңірдің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға бейімділігін талдау нәтижесінде бөлініп беріледі екен.

  • Су тасқынына қарсы жұмыстарға қандай құралдар алынады?

Ведомство мәліметінше, апатқа қарсы түрлі құрал алынады. Мәселен, сорғы жеңді автомобиль; көлік тіркемесі бар қайық; өтімділігі жоғары радиациялық, химиялық, биологиялық барлау автомобилі; өтімділігі жоғары жедел-құтқару автокөлігі; өтімділігі жоғары авариялық-құтқару автомобилі; жол талғаймайтын және сазда жүретін көлік; тасымалдауға арналған тіркемесі бар қарда жүретін көлік; тасымалдауға арналған тіркемесі бар құтқару қайығы; авариялық-құтқару автомобилі (құтқарушыларды, арнайы жабдықтарды табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындайтын жерге жедел жеткізуге арналған арнайы жабдықталған автомобиль); шынжыр табанды экскаватор; дөңгелегі экскаватор; экскаватор - доңғалақты тиегіш; шағын экскаватор; бульдозер; шағын тиегіш; автогрейдер; жүк көтеру қабілеті 10-25 тоннаға дейінгі автомашина; желдетілетін сүңгуір жабдықтары; 40 орындық шатыр; 20 орындық шатыр; лагерь шатыры; сүңгуірлік жабдықтар жиынтығы; құрғақ типтегі су костюмі; су костюмі; "Л-1" қорғаныс костюмі.

ТЖМ баспасөз қызметі

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, су тасқыны басталғаннан бері 118 180 адам құтқарылып, эвакуацияланған, оның ішінде 44 254-і - бала.

19 715 адам үйіне оралған. Ал арнайы пункттерде 8 821 адам бар, оның ішінде 3 885-і бала. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова