Бала басқа біреудің ұялы телефонын сындырып алса, не істеу керек? Заңгер кеңесі

Бала басқа біреудің ұялы телефонын сындырып алса, не істеу керек? Заңгер кеңесі
Фото: ru.freepik.com

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Егер балаңыз басқа біреудің ұялы телефонын сындырып алса, келтірілген зиянды кім өтейді? Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңгер бала басқа біреудің ұялы телефонын сындырып алса, оны баланың ата-анасы өтеуге міндетті екенін айтты.

"Азаматтардың мүлiктiк игiлiктерiне (мысалы, ұялы телефонына) заңсыз әрекеттермен зиян келтiрілсе ол зиянды кінәлі адам толық көлемде өтеуге тиiс. Заң актiлерiмен зиянды өтеу мiндетi зиян келтiрушi болып табылмайтын адамға жүктелуi мүмкін. Себебі жасы кәмілетке толмағандардың іс-әрекетіне заң бойынша ата-ана жауап береді. Бұл жағдайда зиянды өтеу жөнiндегi мiндет ата-аналарға жүктеледi. Зиян келтiрушi, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдесе, оны өтеуден босатылады", - дейді Думан Көпбаев.

Бала үшін де, оның келтірген зияны үшін де ата-ана жауапты. Сондықтан олар телефоныңызды жөндеуге ақша төлеуі керек. Егер баланың ата-анасы шығынды өтеуден бас тартса, онда сотқа жүгінуге болады.

"Келтірілген зиянды ата-анасынан өтеттіру үшін сотқа жүгiніп, онда ол зиянның мөлшерi сияқты ұсынылған сомалардың негiздiлiгiн дәлелдеуге тиiс болады", - дейді заңгер.

Оқи отырыңыз: Тойда қонақтарды видеоға түсіріп, тарату заңды ма? Заңгер түсіндірді

А. Жапатова