Өзіне қабір қазуға мәжбүрлеген: полиция қауіпті ҰҚТ-ны қалай ұстағаны жайлы айтты

Өзіне қабір қазуға мәжбүрлеген: полиция қауіпті ҰҚТ-ны қалай ұстағаны жайлы айтты

Алматы полициясы атышулы ұйымдасқан қылмыстық топ "Хамидулла-Өмірзақов" мүшелерінің қалай ұсталғаны туралы айтты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Хамидулла-Өмірзақов" атты ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстанда 2019 жылдың басында пайда болған. Бұл топ Бағдат Хамидулла мен Жандос Өмірзақов атты ұйымдастырушылардың атымен аталған.

"Топты құру үшін қылмыстық көшбасшылар физикалық тұрғыдан мықты, соттылығы бар, қылмыстық жауапкершіліктен қорықпайтын таныстарын жинаған. Осылайша, 16 адам бар ұйым бірнеше жыл ішінде қарақшылық, тонау, бұзақылық, бопсалау және өзін-өзі басқарумен айналысқан", - делінген хабарламада.

Қылмыскерлерді тінту кезінде олардан қару, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар тәркіленген. Полицейлер бұзақылардың қылмыстық өмірінде болған кейбір эпизодтарды бөлісті.

"Бір күні қылмыскерлерге Ш. және А. есімді таныстары жүгініпті. Олар Б. есімді азаматшадан қарызын алып беруді өтінсе керек. Олрдың айтуынша, 27 жастағы борышкер олардан екі Toyota Camry көлігін сатып беруге алған, кейін ақшасын да, мүлкін де қайтармай қойған. Төрт күннен кейін топ мүшелерінің бірі әйелді тұрғылықты мекенжайынан ұстаған. Олар құрбанды 10 күн бойы Алматының бірқатар жалдамалы пәтерінде ұстап, ұрып-соғып, тапаншамен қорқытқан. Тіпті зират басына апарып, қабір қазуға мәжбүрлеген. Кейін сол жерге түсіріп, тізесін бүктіріп басының дәл қасынан оқ атқан. Осылай Hummer автомобилін және 3,4 миллион теңгені иеленген", - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шаралары 2020 жылдың маусымында басталып, полиция қызметкерлері ҰҚТ қатысушыларының жеке басын анықтаған.

"Ұйымдасқан топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны ІІМ мен ҰҚК бірлесіп 2020 жылдың қарашасында жүргізе бастаған. 12 күдікті бес өңірде: Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ұсталды", - деді ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Бақтияр Мұсабаев.

Ал қылмыстық топ жетекшілерінің қайда екені сәл кейінірек анықталған. Бағдат Хамидулланы полицейлер Дубайда анықтап, экстрадициялық материалдар жіберген. Екінші көшбасшы Жандос Өмірзақов 2021 жылдың қарашасында Алматыда ұсталған.

ҰҚТ-ның тағы екі мүшесі бүгінде халықаралық іздеуде.

Ұсталғандардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 262-бабы "Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу", 126-бабы "Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру", 191-бабы "Тонау, бөтеннің мүлкін ашық ұрлау", 192-бабы 2-бөлігі "Қарақшылық шабуыл", 194-бабы "Қорқытып алушылық", 287-бабы "Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", 389-бабы "Озбырлық" бойынша сараланған.

2021 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Г. Досымшалова