Төреғали Төреәліден соққы көрген жігіт әншіні кешірмейтінін мәлімдеді

Төреғали Төреәліден соққы көрген жігіт әншіні кешірмейтінін мәлімдеді
Фото: Видео кадры / Qazaqstan

Алматы облысындағы Көлсай көлдерінде әнші Төреғали Төреәліден соққы көргенін мәлімдеген жігіт "1001 түн" бағдарламасына сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Туристік гид Бекарыс Қожбанов оқиға қалай басталғанын айтты. 

"Сол күні 16.30-дарда туристермен жиналдық. Сол жақта Төреғали ағамыз демалып жатыр екен. Анығырақ айтар болсақ, Мәскеуден келген турисіміз болды. Ол кісіге Төреғали ағамызды мақтап, танымал адам екенін айтып, таныстырған болатынбыз. Жалпы айтқанда, таныстырдық. Мәскеуден келген турист Төреғали ағамызға бес секундтай қарап тұрған екен. Артынша, жанжал басталып кетті. Төреғали ағамыз "неге қарайсың?" деп ашуланып кетті", - деді гид. 

Артынша, әнші туристті іздеп, гидке "шабуыл" жасаған. 

"Көлігінен шығып, жағамнан ұстап, бетімнен ұрды", - дейді Бекарыс. 

Оның сөзінше, турист әншіге артық ештеңе айтпаған. Ал Төреғали Төреәлі боқауыз сөздер айтып, ұрсып тастаған екен. 

"Бәрі турист қарап тұрғаны үшін ғана болды. Әншіге жақындап таныстырған жоқпыз. Турист алыстан қарап тұрғаны үшін болған оқиға", - дейді гид. 

Бекарыстың сөзінше, ол жергілікті полиция бөліміне арызданған. Ал әншінің өкілдері де, әншінің өзі де Бекарыспен байланыспаған. 

Сонымен қатар, Бекарыс Қожбанов әншіні кешірмейтінін мәлімдеді. 

"Әнші болсаң да, президент болсаң да адамды ұруға бола ма? Ол кісіні кешірмеймін. Ол кісіні көтеретін де, түсіретін де халық", - деді Бекарыс. 

Еске салайық, кеше Қазнетте әнші Төреғали Төреәліден соққы көргенін мәлімдеген жігіттің видеосы тараған еді. Оқиға Алматы облысындағы Көлсай көлдері демалыс аймағының маңында болған.  

Көп ұзамай бұл оқиғаға қатысты полиция өкілдері пікір білдірді. Полиция әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында осы видеоны анықтаған. Іс құқықбұзушылық ҚР Қылмыстық кодекстің 293-бабында көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша тіркелді. Барлық қажет сараптамалық зерттеу жүргізіліп, оқиғаның шынайы мән-жайы анықталады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина