Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді - Тоқаев

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Президент Семей жұртшылығымен кездесіп, өңірдің бірқатар мәдени-білім беру ошақтарын аралап көруді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент ең алдымен, Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше, төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.

"Бұл – қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттерді сыйлаған ұлылар мекені. Абай туған топыраққа келген адам бұл жердің киесін сезінеді, қасиетін ұғады. Семей – ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір", - деді Президент кездесу барысында. 

Сонымен қатар, Тоқаев өңірдегі білім мәселесін көтерді.

"Білім – бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі. Қазір елімізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынып жатыр.

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Президент орта білімді дамытуға қатысты өзгерістер туралы айтты. 

"Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін "Педагогтардың мәртебесі туралы" Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. "Әліппені" қайтардық.

Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгеріс бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады", - деді Президент кездесуде. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина