"Кешіріміне құлақ аса қоймады". Қазнет кәсіпкер Мухоряповтың мәлімдемесіне қалай реакция білдірді?

"Кешіріміне құлақ аса қоймады". Қазнет кәсіпкер Мухоряповтың мәлімдемесіне қалай реакция білдірді?
Фото: instagram.com/rrm777

Өткен аптада кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың мәлімдемесі Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндірді. Қазақтілді аудиториямен қатар, бұл мәлімдемеге орыстілді қазақтар да ашуланып, түрлі жазбалар қалдырды. Тіпті, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындамау және қазақ халқының ар-намысына тию деп қабылдап, қазақтардың ар-намысын таптағаны үшін сотталуы керек деді. Kaz.GlobalNews.kz тілшісі Қазнеттің Рамиль Мухоряповтың мәлімдемесіне қандай реакция білдіргеніне шолу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басылым ең алдымен журналист, PR-маман Айбар Олжаевтың реакциясын келтірді. Олжаев Рамиль Мухоряповтың үстінен арыз түсірген.

"ChocoFamily басшысы Рамиль Мухоряповтың желіге тарап кеткен репликасы қоғамның ашуын туғызғаны рас. Бірақ ашу - ол эмоция. Эмоция заңмен реттелмейді. Рамиль Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ - осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады. Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс. Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы, 1-тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді", - деп жазды Айбар Олжаев.

Кәсіпкердің қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі Желіде дау туғызды

Журналист Жалғас Ертай "Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек" деген ұсыныс айтқан. Оның пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік тіл проблемасы көтерілгенде билік басын құмға тығып алған страус рөлін атқарғысы келеді. Біздің қоғамдағы тіл проблемасының бастауы да осы - билік қоғамды реттейтін ережені бекіткісі келмейді.

Журналист Кәмшат Тасболат халықтың бірігіп, Мухоряпов басқаратын ChocoFamily жобаларының қосымшасын ұялы телефондарынан жаппай өшіріп, рейтингін құлатқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ компания басшысынан кешірім сұрауын талап етті.

"Айналайын, халқым, жарайсыңдар! Қазақ ұлты, қазақ тұтынушылары үлкен күш екенін тағы дәлелдеді! Бір ғана Дәулеттеннің оқырмандары (@dauletten парақшасының оқырмандары - Ред.) Рамиль Мухоряповтың парақшасын жарып, 11 мыңнан астам пікір қалдырып, мыңдаған азамат choco, aviata қосымшаларын өшіріп тастаған! О заманда, бұ заман мемлекеттік тілді осы күнге дейін қабылдамай келген компания басшысы инстаграмдағы парақшасында мүләйімсіп, кешірім сұрағандай кейіп танытып, алғаш рет қазақша пост жазып, "Біз қазақ тілін құрметтейміз!" деп сайрап жатыр екен.

Басылым Рамиль Мухоряпов көп ұзамай кешірім де сұрағанын атап өтті. Алайда, басында сөзінің дұрыс не бұрыстығын сұрап, желі оқырмандарының пікіріне жүгінген. Кейін "сөзімді дұрыс түсінбей қалдыңдар" деп ақталды. Компания өнімдерінен бас тарту туралы үндеулер күшейгенде кешірім сұрады. Бірақ сөзім бұрмаланды дегеннен танған жоқ.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от СКИДКИ И АКЦИИ В КАЗАХСТАНЕ (@chocolife.me)

"Алайда, ашуға әбден булыққан жұрт оның кешіріміне құлақ аса қоймады. Қазақтың ең жанды, ең киелі жері - тіл мәселесі қозғалғанда сабырға келуі қиын. Апта ортасында басталған ашулы жазбалар апта соңына дейін жалғасты. Қазір де компания парақшаларында қазақ тілі мәселесі көтеріліп, сын-ескертпелер жазылып жатыр", - деп жазады басылым. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина