367,5 миллион теңге жымқыру ісі: Ержан Бабақұмаров күдікті емес екені хабарланды

367,5 миллион теңге жымқыру ісі: Ержан Бабақұмаров күдікті емес екені хабарланды
Фото: gov.kz

Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары және ОКҚ бұрынғы басшысы Ержан Бабақұмаровтан "Спорттық Алматы" бағдарламасына бөлінген 367,5 миллион теңгені ұрлау туралы іс бойынша айыпталушы ретінде емес, куә ретінде жауап алынған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомствоның жауабында қалалық Спорт басқармасының бұрынғы басшысына және басқа да тұлғаларға қатысты 367,5 миллион теңгені жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды.

Қазіргі уақытта қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жүргізіліп жатыр.

"Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров осы қылмыстық іс бойынша күдікті емес. Одан ақшалай қаражат бөлу және "Спорттық Алматы" кешенді қалалық бағдарламасын іске асыру мән-жайлары бойынша куәгер ретінде жауап алынды", - делінген хабарламада. 

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмеді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Антикор Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары әрі Орталық коммуникациялар қызметінің экс-басшысы Ержан Бабақұмаров Artsport бағдарламасына бөлінген 369 миллион теңгені жымқыру ісіне қатысы бар деп күдікке ілінгені туралы хабарлама тараған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш