76 миллионның Орал-Бозылық тасжолына қатысты дау шықты

76 миллионның Орал-Бозылық тасжолына қатысты дау шықты
Фото: mgorod.kz

"ҚазАвтоЖол "ҰК" өкілдері 76 миллионның Орал-Бозылық тасжолына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД"

Ведомство мәліметінше, барлық жұмыс техникалық құжаттамаға сәйкес орындалған.

Ал "Әділдік жолы" РҚБ филиалының өкілі Бауыржан Ахметжан Instagram-парақшасында 18 қарашада қоғам қайраткерлері Бәйтерек ауданы Чувашинское ауылына барғанын жазған. Олар үлкен шұңқырлары бар жаңа тасжолды көрген.

Сонымен қатар, ол нысан бойынша жөндеу жұмыстары жасалғанын, жұмыстар аяқталғанын айтқан. Алайда жол жиегі арнайы техникамен нығайтылмаған. Сондықтан жүк көліктерінің іздері мен шұңқырлары барлық жерде қалған.

"Мемлекеттік сатып алу порталынан осы жолдың жиектерін, съездердің соңын нығайтуға және съездерді жауып, қалыңдығы бес сантиметрге дейін болуы үшін 76 миллион теңге бөлінгенін білдік. Бірақ іс жүзінде бұл ақша шенеуніктер мен тексерушілердің қалтасына түсті", - деп жазды Бауыржан Ахметжан.

"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ жолды жөндеуге тапсырыс беруші саналады. Компанияның баспасөз қызметі өкілдері ақпаратты жоққа шығарды.

"Биыл "ТЖС" ЖШС ("Түркістан жол сервис") мердігерлік ұйымы техникалық құжаттамаға сәйкес орташа жөндеу жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын республикалық маңызы бар А-32 Орал-РФ шекарасындағы (Бозылыққа дейін) жолды жөндеді. Барлық жұмыс техникалық құжаттамаға сәйкес орындалды. Соған сәйкес, жол жиектерін нығайту үшін осы материалды қолданып, жол төсемін фрезерлеу жұмыстары жүргізілді. Тиісінше, жол жиектерін нығайту үшін материал сатып алуға басқа қаражат бөлінбеді. Барлық фрезерленген материал осы автожолдың жиектерін нығайту үшін қайта пайдаланылды. Мердігер ұйымға төлем орындалған жұмыстар актісі және КС-3 анықтамасы негізінде толық жасалды. Жазбада айтылған 76 миллион - мердігер ұйымның жұмысы үшін төлем, материал сатып алынған жоқ", - деді "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ баспасөз қызметі өкілі.

Сондай-ақ, компания өкілі нысан пайдалануға берілгеннен кейін кепілдік мерзімі (екі жыл) басталатынын түсіндірді. Кепілдік мерзімі шеңберінде екі жыл ішінде мердігер нысанды пайдалануға бергеннен кейін туындаған барлық ақауды жояды. Жол жиектері қосымша профильденіп, бәрі ретке келтіріледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова