Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды

Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды

Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Байханов Асайын Қуандықұлы Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндеттерін уақытша атқарушы болып тағайындалған еді. 

Айта кетейік, Асайын Байханов Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1978 жылы туған.

Білімі: ПаУ-экономика және менеджмент, ProCredit Holding AG және ЕҚДБ біліктілікті арттыру корпоративтік орталығы, Ломоносов атындағы ММУ стратегиялық менеджмент және кәсіпкерлік, MBA.

Асайын Байханов еңбек жолын Қазақстандағы еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бағдарламасы бойынша банк секторында жұмыс істеп бастады. Алдымен Екібастұзда несие сарапшысы болды, кейін Алматыда ЕҚДБ бағдарламасының бас офисінің бөлім бастығына дейін өсті. Кейін Байханов Procredit Holding AG неміс халықаралық банк холдингінде жұмыс істеді, соның ішінде оның украиналық қаржы мекемесінің (Киев) атқарушы директоры болды. Қазақстанға оралғаннан кейін Асайын Байханов «Нұрбанк» басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Тоғыз жыл жұмыс істегеннен кейін банк секторынан шығып, ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Алты жылын АӨК бизнесіне арнады. Кейін квазимемлекеттік секторда болып, «ҚазАгроның» еншілес компанияларының бірі төрағасының орынбасары болды. Осы қызметте бес жыл еңбек еткеннен кейін туған жеріне оралып, Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Аймақ басшысының орынбасары бола отырып, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастарына жауапты болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина