2023 жылы болатын өзгеріс: бәрі тапсыруға міндеттелетін декларация деген не?

2023 жылы болатын өзгеріс: бәрі тапсыруға міндеттелетін декларация деген не?
Фото: inform.kz

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаппай декларациялаудың екінші кезеңі басталады. 2023 жылдан бастап кімдер декларация тапсыруға міндетті? Оны қалай тапсыру керек және қандай мүлік декларациялануға жатады?

Жаппай декларациялау "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №121-VI ҚРЗ Заңының 45-1-бабы негізінде енгзіліп, 4 кезең бойынша жүзеге асырылу жоспарланған болатын.

1-кезең 2021 жылдың 1 қаңтарында басталды.

Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкілеттік берілетін адамдар мен оның жұбайлары декларациялаудан өтуі тиіс.

2-кезең 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары. Яғни, мұғалімдер, дәрігерлер, спорт және мәдениет қызметкерлері, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялар қызметкерлері декларация тапсырады.

3-кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары; дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

4-кезең 2025 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Азаматтардың қалған категориялары.

  Аталған категория тұлғалары декларациялау жүйесіне енудің бірінші жылында активтер мен міндеттемелер туралы 250-нысандағы декларацияны тапсыру керек. Декларация формасы "Физикалық тұлғаның активтері мен міндеттері жайлы" деп аталады. Басқаша айтқанда, бірінші декларацияны "кіріс декларациясы" деп атайды, себебі онда жаппай декларациялауға кірген кездегі мүлік пен міндеттер бойынша барлық мәліметтер көрініп тұрады.

250-нысандағы декларацияда не болады?

Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік:

• жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзетін кемелер, өзен-теңіз жүзу кемелері;
• көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
• шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша;
• Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі.

Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүлік:

• тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үйдегі үлес;
• бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары;
• инвестициялық алтын;
• зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар;
• айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегінен аспайтын мөлшерде көрсетілген қолма-қол ақша;
• басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешегі) және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешегі) нотариалды куәландырылған шарт;
• сенімгерлік басқаруға берілген мүлік.

Активтер мен міндеттер жайлы декларацияны қашан тапсыру керек?

Екінші кезеңде декларациялауға жататын тұлғалар санаты (мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері) үшін:

Қағаз жүзінде – 2023 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей;
Электронды түрде – 2023 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей.

Активтер мен міндеттер жайлы декларацияны қалай тапсыруға болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушілер кабинеті» веб-порталы (cabinet.salyk.kz), «электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-SalyqAzamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыра аласыз. Ал қағаз жүзінде тапсыру үшін мемлекеттік кірістер органдарына бару керек болады.

Декларация тапсырмаса, не болады?

Декларацияны тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алдымен ескерту беріледі, ал екінші жолы мүлдем тапсырмағаны үшін 15 АЕК, толық емес ақпарат көрсеткені үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Жалпы декларациялау бойынша сұрақтарды 1414 нөміріне хабарласу арқылы біле аласыз.

А. Жапатова